
Қазіргі таңда 32 қазақстандық университеттер мен 60 АҚШ университеттері арасында 80-ге жуық келісім жасалған.
Қазақстандық университеттер мен АҚШ университеттері арасында жасалған халықаралық келісімдер білім және ғылым, ғылыми зерттеулер мен мәдениет саласын, халықаралық алмасу мен ынтымақтастық бағдарламаларын қамтиды.
АҚШ пен Қазақстандағы университеттер арасында серіктестік орнату және дамыту мақсатында жеке семинарлар, вебинарлар, консультациялар мен гранттар арқылы университет оқытушылары мен студенттері арасындағы стратегиялық халықаралық серіктестікті ынталандыру және қолдау мақсатында «U.S – Kazakhstan University Partnership Coaching Program» бағдарламасы жұмыс істейді.
Мәдени ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Қазақстанның мәдени мұрасын АҚШ-та кеңінен насихаттау мақсатында түрлі шаралар үнемі өткізіліп тұрады.
Мәселен, 2019 жылғы 3-5 қазанда Вашингтонда қазақстандық қолөнершілер қолданбалы өнердің беделді алаңы және АҚШ пен әлемнің бірегей суретшілері мен дизайнерлерінің туындыларының экспонаттары көрсетілетін Smithsonian Craft2Wear Show халықаралық көрмесіне қатысты.
Сонымен қатар, 2019 жылғы 4 қазанда Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы мен Смитсониан институтының Азиялық мәдени бағдарламасы өкілдерінің қатысуымен «Қазақстанның қолөнері және шығармашылық экономикасы» тақырыбында симпозиум өтті. Ұлттық музейдің ғалымдары мен зерттеушілері қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің түрлі аспектілері бойынша баяндамалар жасады.
2020 жылдың басында Елшілік Джордж Вашингтон университетімен бірлесіп Абайдың виртуалды орталығын ашты. Оның басты міндеті ұлы ақынның шығармашылығында көрініс тапқан қазақ тарихы мен мәдениеті туралы ақпаратты тарату болып табылады.
Аталған ақпараттық ресурста (abaicenter.com) американдық сарапшылардың Қазақстанның мәдени мұрасы туралы мақалаларын үнемі жарияланады және дәрістер, кинофильмдер көрсету және т.б. іс-шаралар ұйымдастырылады.
2025 жылғы 5-6 наурызда Филадельфияға (Пенсильвания штаты) жұмыс сапары барысында ҚР Нью-Йорк қаласындағы Бас консулы Р.Тілеулин және Нархоз университетінің вице-президенті А.Раимжанова Пенсильвания штатының жетекші университеттерімен келіссөздер жүргізді.
Келіссөздердің басты тақырыбы бизнес-әкімшілендіру, мемлекеттік басқару, IT, құқық және білім беру менеджменті сияқты бірқатар бағыттар бойынша академиялық әріптестік даму мүмкіндіктері болды. Тараптар бірлескен модульдер, сертификаттау курстары, академиялық ұтқырлық, ғылыми мектептер және қос диплом бағдарламалары сияқты ынтымақтастық форматтарын талқылады.
2025 жылғы 20 наурызда Массачусетс штатының Кембридж қаласындағы Гарвард университетінде американдық музыканттардың орындауында Наурыз мерекесіне орайластырылған қазақстандық классикалық музыка концерті өтті. «Celebrating Kazakhstan's Cultural Heritage: Through Music, Tradition, and Performing Art» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған іс-шара Қазақстан мен АҚШ арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы айтулы оқиға болды.