
2023 жылғы 15 қазанда Масқат қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі Хатшылығының ХХІ отырысына арналған дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге Оманның мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ мәдениет саласының мамандары мен журналистер қатысты.
Өз сөзінде Қазақстан Елшісі Н.Мұхаметәліұлы дөңгелек үстелге қатысушыларды аталған Хатшылық отырысының негізгі қорытындылары туралы хабардар етті.
Іс-шара барысында Съезд форматы саяси және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өтетін ашық әрі дінаралық диалог ретінде әлем дамуының өзекті мәселелерін қарастыруға және дау-жанжалдарды өзара сыйластық негізінде шешуге шақыруға мүмкіндік беретіні туралы баса айтылды.
Қорытындылай келе, іс-шараға қатысушылар әлемдік діндер көшбасшылары Съезінің дінаралық және конфессияаралық диалогты қамтамасыз етудегі рөлі туралы өз пікірлерін білдірді.