Қазақстанның туристік әлеуеті алғаш рет Оманда көрсетілді

Қазақстанның туристік әлеуеті алғаш рет Оманда көрсетілді

Қазақстан мен Оман (Алматы-Масқат) арасында тікелей әуеқатынастың ашылуың қарсаңында 2020 жылы 26 ақпанда Масқат қаласында "KazakhTourism" ҰК қолдауымен тұңғыш рет «Қазақстанның туризм күні» өтті. Іс-шараға Оман Сұлтандығының Туризм министрінің кеңесшісі А.әл-Бусаиди, Алматы Туризм басқармасы бастығының орынбасары Қ.Ақылбеков, Оман Сауда-өнеркәсіп палатасының, қазақстандық және омандық туристік компаниялардың, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара шеңберінде Қазақстанның туристік әлеуетінің тұсаукесері өтті. Екі елдің туристік компаниялары өзара ынтымақтастықты нығайтуға және елдер арасындағы туристік ағымды қамтамасыз етуге қызығушылық білдірді.
Қазақстанның Омандағы Елшісі Н.Мұхаметали екіжақты қатынастар дамуының оң динамикасын атап өтіп, аталған шара екіжақты туристік өзара әрекеттесудің қарқындылығына жағымды әсерін тигізеді деп үміт білдірді.
Сонымен қатар, Оман Туризм министрінің кеңесшісі А. әл-Бусаиди Оман тарапы Қазақстан азаматтары үшін паритеттік негізде визалық режимді жеңілдету бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті. Бұл туризмнің дамуына қосымша серпін беретінін атап өтті.