
Қазақстанда COVID-19 короновирусқа қарсы QazVac (QazCovid-In) қазақстандық вакцинаның жаппай өндірісі басталды. 2021 жылғы 23 сәуірде 50 мың доза көлемінде қазақстандық вакцинаның алғашқы партиясы Қазақстанның барлық аймақтарына жеткізілді.
QazVac (QazCovid-In) вакцинасы Қазақстан Республикасының Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтында жасалып, 2021 жылдың сәуір айының басында ұсынылды.
2020 жылғы маусымда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар, медициналық техниканы сараптау ұлттық орталығы QazVac (QazCovid-In) вакцинаны зерттеу нәтижелерін оң деп таныды. 2020 жылғы қыркүйекте 44 еріктілердің қатысуымен клиникалық сынақтардың І кезеңі басталды. Вакцина 100 пайыз тиімділік және қауіпсіздіктің жоғары дейңгейін көрсетті. 2020 жылғы қазанда клиникалық зерттеулердің II кезеңі басталып, оған 200 волонтер қатысты. Нәтижесінде вакцина жоғары иммуногендік пен 96 пайыздық тиімділікті көрсетті. Сынақтың алғашқы екі кезеңінің қатысушыларында COVID-19 қарсы иммунитет дамыды, вакцинаның ауыр жанама әсерлері анықталмады. 2020 жылдың желтоқсанында клиникалық зерттеулердің III кезеңі басталып, оның аяқталуы шілде айына көзделген. 3,000 адам ерікті ретінде QazVac (QazCovid-in) вакцинасын салдырды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар, медициналық техниканы сараптау ұлттық орталығының мәліметі бойынша QazVac (QazCovid-in) вакцинасы жеткілікті түрде тазартылған, тиімді және салдыруға қауіпсіз. Вакцина толығымен вирус бөлшегінен жасалған. Онда вирус құрамындағы ақуыздардың барлық спектрі бар. Сондықтан, QazVac (QazCovid-in) мутацияға ұшыраған кез келген вирусқа қарсы тиімді болады деп болжануда. Вакцинаны 2°C мен 8°C температура аралығында мұздатқышта бір жылға дейін сақтауға болады.
QazVac (QazCovid-in) қазақстандық вакцинасы туралы өзекті ақпаратты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің вебсайтындағы жаңалықтар легінен табуға болады – https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm?lang=kk.