Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұруға рұқсат алу

«Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларына» сәйкес Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету ішкі істер органдары көші-қон полициясының аумақтық органдарының рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.

Егер ҚР азаматы Қазақстан Республикасынан тыс жерге уақытша жұмыстармен шығып, бұл жерде тұрақты тұру үшін қалуға тілек білдіретін болса, онда тиісті рұқсат құжаттары өтініш берушінің Қазақстанда соңғы тұрғылықты жері бойынша аумақтық ішкі істер органдарымен келісу бойынша шетелдегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерімен беріледі.

Шетелде тұрақты тұру үшін арналған рұқсатты ресімдеу үшін келесі құжаттар ұсынылу тиіс:

  1. Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Елшісінің атына еркін нысандағы өтініш;
  2. Өтініш-сауалнама;
  3. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгi мен паспорты, он алты жасқа толмаған балалардың туу туралы куәлігі (тұлғаны сәйкестендіру үшін). Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі немесе паспорты болмаған, жоғалған немесе қолданылу мерзімі өткен жағдайда, қосымша еркін нысанда жазбаша түсініктеме беріледі. Сондай-ақ, төлқұжаттың болмаған, жоғалған немесе қолданылу мерзімі өткен жағдайда жаңа ҚР паспортты дайындауға арналған құжаттар ұсынылады.
  4. Отбасы мүшелерінің алдында міндеттемелер болған жағдайда (алимент алушылар) және егер өтініш берушінің заң бойынша асырауындағы отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрса, алименттерді төлеу туралы келісім ұсынылады. Келісімге қол жеткізілмеген кезде, алименттің мөлшерін тұрақты ақша сомасында белгілеу немесе алиментті біржолғы төлеу не белгілі бір мүлікті алимент есебіне беру немесе алиментті өзге де тәсілмен төлеу не өтініш берушінің кету үшін заңда көзделген кедергілердің болмауы фактісін анықтау туралы соттың шешімі беріледі (өтініш берушінің тұрақты тұруға кетуіне ата-анасының және/немесе жұбайының нотариалды куәландырылған келісімі).
  5. Әскери есептен шығарылғаны туралы анықтама немесе әскери билеттің (шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәлігінің) қабылданғаны туралы қолхат. Әскери есептен шығарылғаны туралы анықтама болмаған жағдайда, әскери билеттің (шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәлік) түпнұсқасы және Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұру үшін шығуына байланысты әскери есептен шығу және жеке әскери-есептік құжатты тапсыру туралы анықтама беру бойынша өтініш ұсынылады.
  6. Ата-анасымен не өзге де заңды өкiлдерімен бірге кету туралы шешiм қабылданған кезде, он жасқа толған баланың пiкiрiн есепке алу туралы қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қорытындысы;
  7. Он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары ата-анасының бiрiмен (қамқоршысымен, қорғаншысымен) бiрге тұрақты тұруға кететін кезде Қазақстан Республикасының аумағында тұратын ата-анасының екiншiсінің нотариалды түрде расталған келiсiмi. Келiсiм болмаған кезде, кәмелетке толмаған баланың кетуі сот тәртiбiмен шешiлуі мүмкін;
  8. Консулдық алымның төленгенiн растайтын құжаттың көшiрмесi.

Өтініш берушінің отбасының әр мүшесіне құжаттардың жеке топтамасы ұсынылады.

Ұсынылған ақпаратты тексеру үшін келесіні қоса тіркеуге жөн:

- Неке қию (бұзу) туралы куәлік.

Шетелдік құжаттар болған жағдайда, олардың апостиль қойылған (заңдастырылған) түпнұсқалары мен нотариалды  куәландырылған және қазақ немесе орыс тілдеріне аударылған көшірмелері қажет болады.

Консулдық алым – 140 АҚШ доллар (төлем).

Қызмет көрсету мерзімі – 3 ай.

 НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ !!! Құжаттар тек өтініш берушінің немесе оның заңды өкiлдерінің (ата-аналары, қамқоршылары, қорғаншылары) тікелей қатынасуы арқылы қабылданады және беріледі.

Дата публикации
18 июня 2020