ҚР азаматтары үшін визалық талаптар
Оман Сұлтандығы Қазақстан азаматтары үшін 30 күндік визасыз режимді енгізді. Осылайша, қазақстандықтар 2025 жылғы 1 ақпанан бастап қонақүйінің брондауы, кері қайту билеті және медициналық сақтандыру болған жағдайда Сұлтандыққа алдын ала туристік визаны рәсімдеусіз сапар шеге алады.
Бұған дейін Қазақстан азаматтары Оманға туристік визасыз кіру үшін төлқұжаттарында АҚШ, Шенген келісімі мемлекеттері немесе Жапонияның жарамды визасы болуы қажет еді.
Сонымен қатар, шетелдік азаматтарға Оманда болу мерзімін ұзарту мүмкіндігі қарастырылмаған. Болу мерзімі асып кеткен жағдайда күніне 10 омандық риал (шамамен 26 АҚШ доллары) сомасында айыппұл салынады.
Егер ҚР азаматтары Оманға сапарларын 30 тәуліктен асатын мерзімге жоспарлаған жағдайда, тиісті санаттағы визаны рәсімдеуге міндетті.
Омандық визаларды ресімдеу мәселесі Оман Сұлтандығының Ішкі істер министрлігі құзыретінде. Визалық ережелер туралы толық ақпаратты Оман полициясының ресми сайтынан (Royal Oman Police, www.rop.gov.om) табуға болады.
Жалпы ақпарат
Оман Сұлтандығында сізге жергілікті заңдар қолданылатындықтан, оларды міндетті түрде сақтауыңыз керек. Барған елдің заңдарын білмеу сізді жауапкершіліктен босатпайды. Оманда болғанда жалпы қабылданған этика мен әдеп нормаларын сақтаңыз, мінез-құлқыңызды қоршаған ортаға сай өзгертіңіз.
Сондай-ақ, Оман Сұлтандығы тиісті діни дәстүрлер мен қағидаларын ұстанатын мұсылман елі екендігін ескеру қажет.
Қауіпсіздік
Оман әлемдегі ең қауіпсіз 10 елдің қатарына кіреді. Сонымен бірге, Сұлтандық шетелдіктердің өмір сүруіне мейірімді елдердің бірі болып саналады.
Күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда (жергілікті құқық қорғау органдарының ұстауы, бөтен кісілер тарапынан қорқытулар және т.б.), Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы консулымен кездесуді немесе телефон арқылы хабарласуды талап етуге құқыңыз бар. Елішілік өкілінің қатысуынсыз немесе Елшіліктен телефон арқылы кеңес алмай шет тіліндегі қандай-да бір хаттамаларға және басқа да құжаттарға қол қоймаңыз.
Консулдық есеп
Қысқа мерзімге туристік мақсатпен Оман Сұлтандығына келгендерді қоспағанда, елдегі барлық ҚР азаматтарына Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Елшілігінде консулдық есепке тұруға кеңес беріледі (байланыс және мекен-жайы).
Ел туралы қысқаша ақпарат
Оман Сұлтандығы – Араб түбегінің оңтүстік-шығысында орналасқан араб мемлекеті. БАӘ, Сауд Арабиясы және Йеменмен, сондай-ақ шығыстан Араб теңізімен шектеседі.
Астанасы – Масқат қаласы, ірі қалалары - Салала, Сохар, Сур, Низва, Бурейми.
Мемлекеттік дін – ислам.
Ресми тілі – араб тілі, ағылшын тілі де кеңінен қолданылады.
Ұлттық мейрамы – 18 қараша – Ұлттық күні
Ақша бірлігі – Омандық риал (1 Омандық риал = 2,6 АҚШ доллар).
Климаты. Тропикалық, ыстық. Жазда орташа температура – +32-40°C, қыста – + 22-28°C. Таулы аймақтарда жауын-шашынның жылдық мөлшері 500 мм-ден аспайды, ал қалған аймақтарда – 130 мм/жыл. Жауын-шашын өте сирек болады.
Халқы – 5,4 млн. адам, олардың жартысына жуығы шетелдіктер, негізінен еңбек мигранттары.