
Бүгін Мәскеуде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінде Қазақстан Елшісі Ермек Көшербаев ел басшылығының тапсырмасы бойынша Ресей Федерациясының Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Элла Памфиловаға ІІ дәрежелі "Достық" орденін тапсырды.
Салтанат барысында дипломатиялық миссияның басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен РФ ОСК басшысы "мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі үшін, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін" орденмен марапатталғанын хабарлады.
Өз кезегінде Элла Памфилова Қазақстан басшылығына жоғары марапат үшін алғысын білдіріп, бауырлас халықтар арасындағы достастық диалогты дамытуға және нығайтуға әріптестерімен бірге мүмкін болатынның барлығын істейтіндігін айтып сендірді.
"Достық" ордені – Қазақстан Республикасының жоғары марапаттарының бірі, ол қоғамда өзара келісімді сақтаудағы жемісті жұмыс, бейбітшілікті, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбек үшін беріледі.