
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісі Дәурен Абаев Алматыда 316-шы қаһарман Панфиловшылар дивизиясының құрылғанына 82 жыл толуына арналған салтанатты шараға қатысты.
Шараға Мәскеу облысы Волоколамск қалалық округінің басшысы Михаил Сылка, Волоколамск қалалық округі депутаттары кеңесінің төрағасы Сергей Шорников, әскери-патриоттық клубтардың өкілдері мен жастар армиясының мүшелері қатысты.
Салтанатты жиында Дәурен Абаев 28 батыр-панфиловшының ерлігі Ұлы Отан соғысы тарихына қаһармандық, қайсарлық пен батылдықтың символы ретінде енгенін айтты. Ол қазақстандықтардың Брест бекінісінен бастап Рейхстагта Жеңіс туын көтеруге дейін қатысқанын атап өтті.
Сонымен қатар, Дәурен Абаев әскери даңқ пен ерлік қаласы Волоколамсктың Қазақстан халқына кеңінен танымал және баршаның жүрегіне жақын екенін жеткізді. Оның есімі өзін генерал Панфиловтың шәкірті санаған және осы құрметке лайық болуға ұмтылған Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының арқасында сақталған.
Өз кезегінде Мәскеу облысы Волоколамск қалалық округінің басшысы Михаил Сылка дивизияда 30 ұлт өкілдері иық тіресе ерлік көрсеткенін, ал облыс тұрғындары Алматыда жасақталған дивизияның ерлігін еске алып, құрмет тұтатынын еске салды. Оның айтуынша, достық, ұлтына қарамастан бір-біріне деген сүйіспеншілік панфиловшылар дивизиясының ең басты ерлігі болып табылады.
“Волоколамск Кремлі” мұражай-көрме кешенінің директоры Ольга Буракова бұл монументалды кешен батырларымыздың ерлігінің құдіретіне толы даңқты жерде салынғанына назар аударды.
Еске салайық, 1941 жылы 12 шілдеде үкіметтің бұйрығымен Алматыда 316-атқыштар дивизиясын құру басталды. Бір айдың ішінде дивизия Кеңес Одағының көптеген ұлттары мен ұлыстарының әскерге шақырылған жасақтарымен толықты.
Дивизия қатарында КСРО-ның 28 халқының өкілдері, ал негізгі тірек Қазақстаннан шақырылғандар болды. 1941 жылы 16 қарашада 316-дивизия Волоколамск маңында шайқасты және төрт вермахт дивизиясының, оның ішінде екі танк дивизиясының шабуылын тоқтатқан 28 батырының ерлігімен танымал болды.
17 қарашада Мәскеуді қорғауда көрсеткен ерліктері үшін дивизия “Қызыл Ту” орденімен марапатталды, ал 23 қарашада ұрыс кезіндегі табысты қимылдары үшін дивизия “Генерал-майор И.В.Панфилов” атындағы құрметті атқа ие болды.
Анықтама үшін: Батыр-панфиловшылар мемориалының салтанатты ашылуы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 30 жылдығына орай 1975 жылдың 6 мамырында Волоколамск ауданы, Дубосеково ауылында болды. 2017 жылы кешен толық жөндеуден өтті. Мемориалдық кешен панфиловшылар дивизиясы қатарында шайқасқан алты ұлттың жауынгерлерін бейнелейтін биіктігі 10 метрлік алты монументалды мүсіннен тұрады.