
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің қызметкерлері көрнекті ресейлік дипломат, РФ СІМ Дипломатиялық академиясының бұрынғы ректоры Евгений Бажановты 75 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау жолдауын табыс етті.
"Бірнеше жылдар бойы сіз РФ СІМ Дипломатиялық академиясын табысты басқардыңыз, кәсіби мамандарды даярлау мен ғылыми зерттеулерді жүзеге асырудың жетекші халықаралық орталықтарының бірі ретінде оның беделін нығайтуға елеулі үлес қостыңыз", – делінген жолдауда.
Евгений Бажанов құттықтау үшін алғыс айтып, Дипломатиялық академияның Қазақстанмен ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақтастығын атап өтті. Оның айтуынша, посткеңестік кезеңде мұнда жүздеген қазақстандықтар білім алған, олардың ондағандары докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғаған.
Еске салайық, 2014 жылдың желтоқсанында Евгений Бажанов ҚР Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін 2-дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды.