
Қазақстанның Ресейдегі Елшілігіне РФ СІМ Дипломатиялық академиясының студенттері келді.
Шара жоғары оқу орны жүзеге асырып жатқан "халықаралық әдеп және мәдениет мұражайы" жобасы аясында өтті. Оның мақсаты – білім алушыларды әлем халықтарының мәдениеті мен дәстүрлерінің әртүрлілігімен, сондай-ақ дипломатиялық тәжірибелермен таныстыру.
Студенттермен әңгімелесу барысында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев еліміздің Тәуелсіздіктің 30 жылдық кезеңіндегі негізгі жетістіктері, республиканың қазіргі әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы туралы айтып өтті.
Сондай-ақ, Елші өзінің дипломатиялық қызметінің негізгі кезеңдері туралы айтып, болашақ дипломаттардың көптеген сұрақтарына жауап берді.
Кездесу соңында студенттер Қазақстан-Ресей қатынастары мұражайымен танысты.