
Мәскеуде РҒА Шығыстану институтының алаңында "Ресей мен Қазақстан: стратегиялық серіктестік пен жан-жақты ынтымақтастықтың 30 жылы" тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараны, Қазақстанның Мәскеудегі Елшілігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) және Ресей ғылым академиясының (РҒА) Шығыстану институты (ШИ) ұйымдастырды.
Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұхтар Ерман мен Берік Әбдіғалиұлы, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Виктор Водолацкий, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев, Ресейдің Қазақстандағы Елшісі Алексей Бородавкин (онлайн қосылумен), ҚСЗИ директоры Зарема Шаукенова, ШИ директоры Аликбер Аликберов және екі елдің басқа да көрнекті ғалымдары қатысты.
Конференция жұмысы екі бөлімде өтті.
"Қазақстан-Ресей қатынастары: тарихтан қазіргі заманға дейін" бірінші бөлімінің спикерлері екі елдің тату көршілік қатынастарының негізі ретінде халықтар арасындағы тарихи-мәдени байланыстар мәселелерін талқылады. Қатысушылар мамандардың заманауи әдістеме мен ғылыми жетістіктерге негізделген бірлескен жалпылама еңбектерін дайындаудың маңыздылығына назар аударды.
"XX ғасыр және Тәуелсіздік. Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын дамыту" тақырыбындағы екінші бөлім XX ғасыр тарихы және мемлекетаралық өзара іс-қимылда тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі ретінде посткеңестік кезеңдегі екіжақты қатынастардың шарттық-құқықтық базасын нығайту, сонымен қатар, қазіргі геосаяси үдерістер контексіндегі Қазақстан – Ресей қарым-қатынастарын талдау мәселелеріне арналды. Ғылыми қоғамдастықтың өкілдері тарихқа, оның ішінде кеңес кезеңіне жүйелі және жан-жақты қарау қажет екенін атап өтті.
Екі елдің парламент депутаттары, ғалымдары мен сарапшылары өз сөздерінде конференцияда талқыланған тақырыптардың маңыздылығын атап өтті. Олар мазмұнды диалогты жандандырудың өзектілігіне, қазақстандық және ресейлік ғалымдардың тарихи көзқарасына, сондай-ақ екі тәуелсіз мемлекет дамуының жаңа кезеңінде ұлттық егемендігін, аумақтық тұтастығын және КСРО ыдырағаннан кейін белгіленген шекаралардың мызғымастығын құрметтеуге негізделген стратегиялық әріптестік пен тату көршілік қатынастарды үдемелі нығайту мақсатындағы екіжақты қатынастардың дамуына ерекше назар аударды.
Кездесуді қорытындылай келе, қатысушылар конференцияның қазақстандық және ресейлік ғалымдардың тарихи мұраны объективті және салмақты бағалауды ілгерілетуге және тәуелсіз дамудың жаңа кезеңінде екіжақты қатынастардың сенімді және тату көршілік іргетасын нығайтуға бірлесіп қатысу дәстүрін жалғастырғанын атап өтті. Ғалымдар мен сарапшылар аталған басқосу жан-жақты ғылыми диалогқа мазмұнды үлес қосады және екі мемлекеттің қатынастар тарихындағы «ақ дақтарды» жою бойынша қазақстандық және ресейлік тарихшылардың бірлескен жұмысын бастайды деген пікірге келді.
Конференциядағы баяндамашылар арасында Қазақстан-Неміс университеті жанындағы Халықаралық және өңірлік ынтымақтастық институтының директоры Болат Сұлтанов, РҒА Ресей тарихы институтының Ресей халықтары тарихы және этносаралық қатынастар орталығының жетекшісі Вадим Трепавлов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының директоры Александр Сидорович (онлайн қосылумен), ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Серік Сейдуманов, РҒА ШИ аға ғылыми қызметкерлері Александр Васильев пен Илья Савин, Азия зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбеков, РҒА Примаков атындағы Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар ұлттық зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Станислав Притчин, Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеев және екі елдің ғылыми-сарапшылық қоғамдастығының басқа да өкілдері болды.