
Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде соғыс жылдары қаза тапқан солдаттың сүйегін тапсыру рәсімі өтті.
Іс-шараға Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінiң кеңесші-уәкілі Еркін Тұқымов және РФ Федерация Кеңесінің мүшесі, Елшіліктің әскери атташесінің қызметкерлері, "Долг" іздеу бірлестігі» СОҚҰ басшысы Нина Куликовских қатысты.
Жауынгердің сүйегін 2020 жылғы қазан айында Смоленск облысы, Кардымовский ауданының аумағында облыстық "Переправа" іздеу отрядының (командир – Алматы қаласының тумасы Наталья Максимова) жауынгерлері тапты. Солдат медальонының ішіндегі қағазда Қазақ КСР, Гурьев облысы мекенжайы көрсетілген екен.
Тынымсыз атқарылған жұмыстың барысында Қызыл Әскер жауынгерінің туыстары табылып, оның аты-жөні белгілі болды – Сапарғали Мұқалов. Іздеуге Павлодардың "Майдан жолы" іздеу отрядының командирі Александр Шитов, Атырау облысының "Былина" орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей Кораблёв, Атырау облысы ҚХА жанындағы "Жаңғыру Жолы" республикалық жастар қозғалысының мүшесі Қуаныш Юсупов, Атырау тарихи-өлкетану мұражайының директоры Рашид Харипов белсене атсалысты.
Сапарғали Мұқалов 1920 жылы Гурьев облысы, Бақсай ауданының Сарайшық кентінде туған. 1940 жылғы қазан айында Қызыл Әскер қатарына шақыртылып, Забайкальский әскери округына жіберілген. Іздеушілердің болжауынша, Сапарғали Мұқалов танкіші болған, өйткені ол әскери борышын өтеген №76 теміржол разъезінде 5-ші механикаландырылған корпустың құрамындағы 13-ші танк дивизиясы жасақталыпты. Бұл танк құрамасы 1941 жылғы Смоленск қантөгіс шайқасына қатысқан, қазақстандық солдат сол ұрыстың барысында қаза тапқан.
Жақын арада солдаттың сүйегі Атырау облысына жеткізіліп, жауынгерлік сый-құрметпен және мұсылмандық дәстүр бойынша жер қойнына тапсырылатын болады.