
Биыл ЮНЕСКО аясында орта ғасырдағы шығыс философы, әлемге әл-Фараби немесе Alpharabius атымен кеңінен танымал Әбу Насыр ибн Мұхаммед әл-Фарабидің 1150 жылдығы аталып өтілуде. Қазақстан үшін бұл күн ерекше, өйткені Платон мен Аристотельдің ізбасары, Шығыс пен Батыстың философиялық мектептеріне орасан зор ықпалын тиізген тұлға қазіргі заманғы Қазақстанның аумағында дүниеге келген.
Осыған байланысты бүгін Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен онлайн-форматта "Әл-Фарабидің әмбебап зияткерлік моделі" дөңгелек үстелі өтті. Іс-шараға екі елдің жетекші ғалымдары (түркітанушылар, шығыстанушылар, философтар), жазушылары, сарапшылары қатысты.
Кездесуді аша отырып, Ресейдегі Қазақстанның Елшісі Ермек Көшербаев әл-Фарабидің өз уақытынан бірнеше ғасырларға озып, өзінің қоғамтану мен саясатқа көзқарастарында көп жағдайда пионер болғандығын атап өтті. Атап айтқанда, оның мемлекеттің дамуы туралы зияттық түзілген тамаша теориясы бүгінгі таңда да өзекті. Елші ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әл-Фараби сияқты көрнекті ойшылдардың көзқарастары негізінде қазақстандық өскелең ұрпақ бағдарға алатын құндылықтарды қалыптастыру қажеттігі туралы сөздерін еске салды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов қазіргі заман қоғамының барлық салаларында дағдарыс байқалып отырған бүгінгі таңда әл-Фараби үндеген парасатты азаматтарды қалыптастыру бірінші кезекте тұрған маңызды іс болып табылатынын еске салды. Осыған байланысты, білімдерді жаһандық азаматтық рухта интеграциялаудың негізінде сапалы адами капитал тәрбиелеудің және ізгілікті қоғам құрудың орталығы ретінде университеттерге ерекше рөл жүктеледі. ҚазҰУ ректорының айтуынша, әд-Фарабидің идеялары бүгінгі күні қажет етілуде, жуырда БҰҰ штаб-пәтерінде "Ақыл-ой бейбітшілік үшін" конференциясының өткізілуі және ұлы ойшылдың мұрасын зеррделеудің маңыздылығы осындай беделді халықаралық ұйымның деңгейінде баса айтылуы осыған куә болып табылады.
Профессор, философия ғылымдарының докторы, РҒА Шығыстану институтының Араб және ислам зерттеулері орталығының бас ғылыми қызметкері Ибрагим Тауфик Камель әл-Фарабиді мұсылман ойын алғашқы ірі реформалаушы және жаңғыртушы деп атады. "Оған дейін мұсылман мәдениеті антикалық дәстүрден оқшау тұрды, ал онымен қосылып сапа тұрғысынан жаңа деңгейге көтерілді, – деп атап өтті шығыстанушы. – Әл-Фарабидің арқасында антикалық дәстүр мен аврамдық діндарлықтың синтезі жасалып, кейін ол тиісінше Маймонид пен Фома Аквинскийдің иудей және христиан мәдениетінде қабылданды". Профессордың пікірінше, егер адамдар "Ізгілікті қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактаттың" негізгі ережелерін бағдарға алса, мұсылман әлемінің ішіндегі әртүрлі ағындар арасындағы тартыстар ғана емес, мұсылмандар мен басқа конфессиялар арасындағы тартыстар да жоғалар еді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев әл-Фарабидің өзінің туған жері – Түркістан облысының аумағында, Арыс өзені Сырдарияға құятын жерде дүниеге келгенін еске салды. Ол мынадай қызықты фактіге назар аударды: Сирияда соғыс болып жатқанына қарамастан, Дамаскідегі әл-Фарабидің мазарына бір де бір снаряд тиген жоқ. "Бұл тегіннен емес, Алланың өзі біздің ұлы бабамыздың тыныштығын сақтауда", – деді сенат мүшесі. Ол әл-Фарабидің мұрасын терең және жан-жақты зерделеу уақыт талабы деп атады. "Біздің алдымызда ғалымның бүкіл әлемге белгілі еңбектерін заманауи пайдалану есебінен елімізді әлемдегі ең дамыған елдердің біріне айналдыру міндеті тұр. Сондықтан әл-Фарабидің 1150 жылдығы біздің рухани өміріміздің дамуына мықты күш береді және ұлттық қайта өрлеуге жол салады", – деп атап өтті Әлімжан Құртаев.
Арабтанушы және түркітанушы, орта ғасырлық шығыс әдебиетінің аудармашысы Зифа-Алуа Әуезова әл-Фарабидің ғылыми трактаттарының ортағасырлық Еуропада философиялық дискурсты қалыптастыруда атқарған үлкен рөлін атап өтті. Ол ағымдағы жылы сонымен қатар тағы бір ұлы ойшыл – Абай Құнанбаевтың мерейтойы мерекеленетініне, осыған байланысты Абай шығармашылығында да, әл-Фарабидің рационалдық философиясында да білім құндылықтарының салтанатын көру ол үшін қуаныш екеніне назар аударды.
Философия ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби орталығының ғылыми қызметкері Жақыпбек Алтаев ұлы ойшылдың музыкалық мұрасы туралы айтты. "Әл-Фарабидің өзі де музыкалық аспаптарда шебер ойнаған, ал оның "Музыканың үлкен кітабы" еңбегі бүгінгі таңда Қазақстанда және шетелде зор қызығушылықпен зерделенуде, – деп еске салды ол. – Мүлтіксіз дыбыстық қатар жүйесін жасап шығармас бұрын, Әл-Фараби әртүрлі этномәдениеттердің сансыз артефактілерін, өлеңдері мен аспаптарын өңдеді. Оның "ильм аль-мусиканың" – музыкатану теориясының негізін қалаушысы деп танылуы кездейсоқ емес. Өзінің зерттеуінде әл-Фараби музыканың емдік қасиеттері мен оң әсерлерін ғана емес, сонымен қатар оның тәрбиелік және білім беру құндылығын да дәлелдеп берді".
Философия ғылымдарының кандидаты, РҒА Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Наталия Ефремова әл-Фараби шығармашылығына ден қою кез келген зерттеуші үшін қасиетті деп атады. "Уақыты мен мән-маңызы бойынша ол барлық салаларда бірінші болды. Оның өмірі араб-мұсылман мәдениетінің алтын ғасырына тап келді, ал екі мәдени дәстүрді – антикалық (пұтқа табынушылық) зерделілік пен ортағасырлық монотеистикалық діндарлықтың өміршең синтезін жүзеге асыруы оның сіңірген аса зор еңбегі болып табылады", – деп баса айтты ол.
Ресей халықтар достығы университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі кеңесшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Нұр Қирабаевтың пікірінше, әл-Фарабиді түсіну үшін оның дәуірінің рухын түсіну қажет. "Х ғасыр өзгерістер күту уақыты болды, ізгілікті қала салу оның жауабына айналды, бұл туралы әл-Фараби өзінің атақты трактатын жазды. Ол нағыз философия мен ізгілікті дін арасындағы теңгерімді таба алды", – деді ғалым.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты философия бөлімінің меңгерушісі Ғалия Құрманғалиева әл-Фарабидің мұрасы өте терең және көп жоспарлы және ол асқан ұқыптылықпен қарауды талап етеді деп санайды. Ол қазақстандық философияда ойшылдың еңбектері қазақстандық мәдени кодтың оның түркілік бастауы тұрғысынан ажырамас бөлігі ретінде қарала басталғанын атап өтті.
Пікірталасты қорытындылай келе, қатысушылар бұған дейін зерделенген аспектілерден басқа, фарабитануда жаңа бағыттың – әл-Фараби идеясының ХХ ғасырдың үштен бір бөлігінің алғашқысындағы қазақстандық зияткерлердің, атап айтқанда "Алаш" партиясы қайраткерлерінің көзқарастарымен үндестікті зерттеудің пайда бола бастағанына назар аударды. Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында жас шығыстанушы ғалымдар үшін әл-Фараби стипендиясын тағайындау ұсынысы айтылды.