
Бүгін Ресейдегі Қазақстанның Елшісі Ермек Көшербаев онлайн-режимде "Валдай" халықаралық пікірталас клубының жыл сайынғы отырысының жұмысына қатысты.
Клубтың он жетінші отырысы Мәскеуде 20 – 22 қазан аралығында өтуде. Биылғы пікірталастың басты тақырыбы – "Пандемия сабақтары және жаңа күн тәртібі: әлемдік дағдарысты әлем үшін мүмкіндікке қалай айналдыруға болады".
Пікірталас барысында аталып өтілгендей, цифрландыру дамудың негізгі факторына айналды. Цифрлық платформаларды құру жаңа ірі алпауыттарды капиталдандыруға түрткі болды. Осыған байланысты, мемлекет шын мәнінде цифрлық платформаға айналуы тиіс, бұлай болмаған жағдайда ірі цифрлық алпауыттардан туындайтын қатерге кезігеді.
Форумға биыл бүкіл әлемнен 150-ден аса қонақ шақырылды. Бүгін арнайы сессияда Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин сөз сөйледі, 22 қазанда бейнебайланыс арқылы президент Владимир Путин қатысады деп күтілуде.
"Валдай" халықаралық пікірталас клубы – сараптамалық-талдамалық орталық, ол 2004 жылы Великий Новгородта құрылған. Оның атауы Валдай көліне жақын жерде бірінші конференция өткен орынмен байланысты. Клубтың негізгі міндеттерін ұйымдастырушылар сарапшылардың, саясаткерлердің, қоғам қайраткерлері мен журналистердің ашық диалогына жағдай тудыру, халықаралық қатынастар, саясат, экономика, қауіпсіздік, энергетика және басқа салалардағы өзекті әлемдік проблемаларды талқылау, ХХІ ғасырдағы әлемдік ахуалдың негізгі үрдістері мен процестерін болжау деп мәлімдейді.