
Минск, 2025 жылғы 31 қаңтар - Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Жақсылықов Беларусь тарапының бастамасымен Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Богдановпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерінің кең ауқымын талқылады, қазақ-белорус қатынастарының даму динамикасын оң бағалады.
А.Богданов Беларустің Қазақстандағы елшісі ретіндегі қызметінің басымдығын екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейту, оның ішінде өңірлер деңгейінде өзара іс-қимылды жандандыру деп атады.
Т.Жақсылықов Беларусь әріптесінің назарын екі елдің өзара саудасында үлкен тепе-теңдікке қол жеткізудің, бірлескен кооперациялық жобаларда локализацияны арттырудың маңыздылығына аударды.
Кездесу соңында тараптар екіжақты күн тәртібінің барлық бағыттары бойынша одан әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын екендіктерін растады.