
Астана, 2024 жылғы 23 қазан - Lonely Planet Қазақстанды өзінің жыл сайынғы Best in travel 2025 рейтингінде саяхаттауға арналған ең үздік елдердің бірі деп жариялады.
Lonely Planet сарапшылары жыл сайын саяхатшылардың, қызметкерлердің, авторлардың және басқа да туризм мамандарының ұсыныстарына негізделген бағыттарды мұқият таңдайды. 2025 жылы таңдау басқа елдер арасында өзінің бай тарихымен, әртүрлі ландшафттарымен және бірегей мәдени мұрасымен ерекшеленетін Қазақстанға түсті.
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев: «Қазақстанның Lonely Planet сияқты беделді басылымның Best in travel 2025 рейтингіне қосылуы бүкіл әлемде Қазақстандағы туризмге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Елдің шынайы мәдениеті мен алуан түрлі табиғатын халықаралық деңгейде ілгерілетуді жалғастыра отырып, біз тұрақты туризм принциптерін ұстанамыз».
Нитя Чамберс, контент жөніндегі аға вице-президент және Lonely Planet -тің атқарушы редакторы: «Best in travel 2025 - бұл біздің әлемге жыл сайынғы махаббат хатының соңғы нұсқасы. Біз осы басылымға енгізілген бағыттарды мақтан тұтамыз және ұсыныстарымыздың негізінде жатқан терең түсінік пен жергілікті біліммен бөлісуге қуаныштымыз. Біздің тізім саяхатшыларды келесі жылы жаңа ашылуларға шабыттандыратынына сенімдіміз».
Осы беделді тізімге енген Қазақстан ежелгі дәстүрлер мен қазіргі заман тоғысқан ел ретінде сипатталады, ал әрбір келуші өзіне бірегей нәрсе таба алады. Lonely Planet басылымында былай делінген: «Қазақстан-бұл жай ғана баратын жер емес, ол ашылатын бүкіл әлем, жасауға тұрарлық саяхат және сіз қатысатын тарих. Ежелгі Жібек жолының сыбдыры қазақстандық қалаларды қоршап тұрған шексіз далада сезіледі».
Белгілі әлемдік тревел-басылымдар Қазақстанның туристік әлеуетін жоғары бағалайды. Естеріңізге сала кетейік, «Conde Nast Traveller» және «Wanderlust» Қазақстанды 2024 жылы саяхаттауға арналған әлемдік дестинациялардың қатарына қосқан болатын. Сондай-ақ, Алматы қаласы The New York Times нұсқасы бойынша үздік 52 туристік бағыттың қатарына енді.
Анықтама үшін: Lonely Planet - бұл саяхат туралы егжей-тегжейлі кеңестер мен нұсқаулар беретін жетекші халықаралық туристік ақпарат баспагері. Басылым 1973 ж. бастап 50 жылдан астам уақыт жұмыс жасайды. Lonely Planet 14-тен астам тілде нұсқаулықтар шығарады және ол 195 елді қамтиды. Lonely Planet тек бағыттар туралы ақпаратты ұсынып қана қоймайды, сонымен қатар Best in travel сияқты баруға болатын ең жақсы орындардың мақалалары мен тізімдерін жариялау арқылы адамдарды саяхаттауға шабыттандырады.
Best in travel - бұл әлемдік туристік қауымдастық үшін маңызды оқиға, ол ең өзекті және шабыттандыратын саяхат бағыттарын ұсынады. 2025 жылы бұл жылдық рейтингтің 15-ші мерейтойы. Бірегей тәжірибе ұсынатын және тұрақты туризм принциптеріне адалдығын көрсететін елдер мен аймақтарға назар аударылады.