
Гомель, 2024 жылғы 19-20 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшісі Тимур Жақсылықов белорус тарапының шақыруымен XVIII Гомель экономикалық форумына және «Жер қойнауы-2024» атты Беларусь инвестициялық форумына қатысты.
XVIII Гомель экономикалық форумы Беларусь пен шетелдің 400-ден астам өкілдерін біріктірді. Форумның іскерлік бағдарламасы өнеркәсіп, экспорт, инновация және инвестиция салаларындағы елдің оңтүстік-шығыс өңірін дамытудың негізгі мәселелеріне арналды. Форумға қатысушылар облыстың экономикалық әлеуетімен танысуға, секциялар жұмысында қызықтыратын мәселелерді талқылауға, сенімді серіктестер табуға және өзара тиімді келісімшарттар жасауға мүмкіндік алды.
Форум аясында Елші Т.Жақсылықовтың Гомель облыстық Атқарушы комитетінің Төрағасы Иван Крупкомен кездесуі өтті. Онда Қазақстан мен Гомель облысы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары қарастырылды. И.Крупко Ресейден кейінгі өңірлік экспорт көлемі бойынша екінші орында тұрған Қазақстанмен экономикалық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ол өндірістік кооперация және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін атап өтті.
Елші Т.Жақсылықов елдер арасындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттар бойынша сенімді дамып келе жатқанын растады. «Гомель облысы өзінің өндірістік, технологиялық және ғылыми-өндірістік жетістіктерімен танымал және біз үшін бұл аймақ қызықты әрі перспективалы серіктес болып табылады», – деді ол.
Сондай-ақ, Қазақстан елшісі әлемдік комбайндар мен басқа да күрделі ауыл шаруашылығы машиналары нарығының көшбасшыларының қатарына кіретін ауыл шаруашылығы техникасын ірі өндірушілердің бірі – «Гомсельмаш» ААҚ холдингінің өндірістік процестерімен және жаңа әзірлемелерімен танысты. Холдингпен бірлесе отырып Қазақстандағы техника құрастыру өндірісінің маңыздылығы мен табысты дамуын атап өтіп, Т.Жақсылықов одан әрі ынтымақтастыққа және бірлескен жобалар санын ұлғайтуға дайын екенін білдірді.
Өз кезегінде «Гомсельмаш» ААҚ-ның бас директоры Александр Новиков қазақстандық компаниялармен әріптестікті одан әрі тереңдетуге қызығушылық білдіріп, ауыл шаруашылығы техникасын бірлесіп өндіру және экспорттау мүмкіндіктеріне назар аударды.
Гомельде Қазақстан Елшісі «Жер қойнауы-2024» инвестициялық форумына қатысып, өңірдің перспективалы жобаларымен танысты. Беларусте инвесторлар үшін ең тартымды 10 жобаның 6-ы Гомель облысында, сондай-ақ «Инвестордың жол картасы» белорус порталында ұсынылған 12 жобаның 7-і Гомель облысында орналасқан.