
2024 жылғы 9 қыркүйекте Moody's халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді рейтингін Baa2-ден Baa1-ге дейін көтерді, болжам «Тұрақты». Агенттік берген рейтинг республика тәуелсіздігінің барлық жылдарындағы ең жоғары рейтинг болып табылады.
Қазақстанның кредиттік рейтингін арттыруы экономиканы әртараптандырудың орнықты қарқынымен ұштастыра отырып, институционалдық және саяси ортаның үздіксіз жақсаруына байланысты. Бұл факторлар экономикалық тұрақтылықты нығайтуға және несиелік тұрақтылықты жоғары рейтингі бар елдер деңгейіне дейін жақсартуға ықпал етеді.
Агенттік мемлекеттік басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы прогресті атап өтеді. Сарапшылардың пікірінше, жүргізіліп жатқан реформалар саяси тұрақтылыққа, азаматтық белсенділікке және қабылданып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың ашықтығына оң әсер етеді.
Moody's қарыздың төмен деңгейімен және жоғары қолжетімділігімен сипатталатын Қазақстанның сенімді қаржылық көрсеткіштерін, сондай-ақ бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 2,5-3% деңгейінде ұстап тұру жөніндегі Үкіметтің салмақты саясатын атап көрсетеді. Жаңа реформалар, соның ішінде жаңа Бюджет және Салық кодекстерін енгізу бюджет саясатының тиімділігін, қаржылық есептілікті және салық түсімдерін арттыруы керек.
Есепте Қазақстан экономикасының құрылымындағы мұнай емес сектор үлесінің ұлғаюы байқалады делінген. Ол елдің көмірсутектерге тәуелділігін азайтады және мұнай бағасының ауытқуымен және өндіру деңгейімен байланысты тәуекелдерді азайтады деп айтылған.
Moody's сарапшылары іскерлік ахуалды жақсарту және инвестицияларды тарту, қолайлы бизнес-экожүйені құру және бюрократиялық кедергілерді қысқарту бойынша қабылданған шаралар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға беріп отыр. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны іске қосу әкімшілік процестерді жеделдетуге көмектеседі.
Moody's сарапшылары көмірсутектерді өндіруші басқа елдермен салыстырғанда Қазақстан экономикасының анағұрлым мықты перспективаларын атап өтеді. Агенттіктің пікірінше, жалғасып жатқан реформалар елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал ететін болады.
Сонымен қатар, Moody's сарапшыларының пікірінше, көлік-логистикалық секторды дамыту Транскаспий халықаралық сауда бағыты (орта дәліз) бойынша жүк транзиті саласындағы белсенділіктің жылдам өсуіне байланысты өсу мен әртараптандырудың негізгі факторларының бірі болып қала береді. Орта дәліздің болашағы шетелдік инвесторларды ел экономикасының әртүрлі мұнай емес секторларына, соның ішінде автомобиль, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіруге тартуға көмектеседі.
Қазақстанның кредиттік рейтингін арттыру экономикалық және қаржылық тұрақтылықты нығайтуға, елдің халықаралық аренадағы беделін жақсартуға ықпал етеді, сондай-ақ капитал нарықтарынан инвестициялар тарту шарттарына және экономикаға тікелей шетелдік инвестициялар көлемін ұлғайтуға оң әсер етеді.