Минск, 2024 жылғы 1 ақпан – Қазақстанның Беларусьтегі Елшісі Ерлан Байжанов Беларусь Ұлттық ғылым академиясының Тарих институтының директоры Вадим Лакизамен және институттың ғылыми бөлімдерінің басшыларымен кездесті.
Кездесу барысында екі елдің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, ақпарат алмасу, ғылыми және археологиялық зерттеулерді ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастықты нығайту және дамыту мәселелері талқыланды. «Елдерімізде бір-біріміз туралы тарихи білімнің тапшылығы сезіледі, сондай-ақ тарихи ғылым конъюнктуралық саяси ойлар тарапынан қысымға ұшыраған жағдайда мұндай ынтымақтастық маңызды», - деп атап өтті Ерлан Байжанов.
Сұхбаттасушылар Беларусьті неміс-фашист басқыншылардан азат етуге қатысқан қазақстандық жауынгерлердің тарихи жадын сақтауға және ерліктерін мәңгі есте қалдыруға бағытталған бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастырды. Биылғы жылы Беларусь Республикасында ел азаттығының 80 жылдығы кеңінен аталып өтілсе, келесі жылы ТМД мемлекеттері Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеді.
2024 жылғы 25-26 сәуірде Түркістан қаласында өтетін «Алтын Орда және оның мұрасы» атты халықаралық конференцияға Беларусь ҰҒА Тарих институты ғалымдарының қатысуы туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қазақстан Елшілігінің өкілдері Беларусь ҰҒА Тарих институтының археологиялық мұражайында болды. В.Лакиза дипломаттарды белорус тарихшылар мен археологтардың қызметімен таныстырып, Беларусь аумағындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу нәтижелерін көрсетті. Ол қазақстандық жас ғалымдардың бірлескен зерттеулерге, оның ішінде Тарих институты жүргізіп жатқан Менке өзеніндегі археологиялық кешеннің қазбаларына қатысуға тілек білдірді.