Минск, 2023 жылғы 9 желтоқсан - Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігі жыл сайынғы іс-шараға - Елшілердің, дипломаттардың және шетелдік өкілдіктері басшыларының жұбайларынан құралған Халықаралық әйелдер клубы ұйымдастырған халықаралық қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты.
Іс-шараға шет елдердің 30-ға жуық дипломатиялық өкілдіктері қатысып, мәдени-танымдық стендтер ұйымдастырды, бірегей кәдесыйлар сатылды және келушілерді ұлттық тағамдармен таныстырды. Биыл жәрмеңке қатысушылар мен қонақтардың ең көп санын жинады. Жәрмеңкені Қайырымдылық комитетінің құрметті төрағасы, Беларусь Республикасы Сыртқы істер министрінің жұбайы Людмила Алейник ашты.
Қазақстан Елшілігі кәдесый және аспаздық өнімдерді ұсынды. Жәрмеңкеге келушілердің қызығушылығын ұлттық ою-өрнектері бар қазақ әшекейлер, киізден жасалған бұйымдар, сондай-ақ түрлі ұлттық тағамдар тудырды.
Қайырымдылық акциясы аясында Елшілік Қазақстанның Достар клубының кездесуін өткізді. Оған белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, парламентшілер, кәсіпорын басшылары, білім беру мекемелері, журналистер, сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктердің басшылары қатысты. Қатысушылар Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен келешегі туралы пікір алмасты.
Елшілік жәрмеңкенің музыкалық бағдарламасын ұйымдастыруға белсенді қатысты. Сахнада қазақ әуендері шырқалды. Қазақ диаспорасының өкілдері Әлия Сапаралиева мен Марианна Лысенко «Земля Казахстана», «Арыс жағасында» және «Балқадиша» әндерін орындады, ал Мұхтар Әуезов атындағы Минск қаласының №143 орта мектебінің оқушылары әйгілі «Қамажай-Қара Жорға» биін биледі. Түрлі музыкалық жанрда – күй-тартыс, терме, оркестрлер айтысы туралы бейнероликтер көрсетілді.
Осы іс-шарада түскен қаражат қайырымдылық мақсаттар үшін ұйымдастырушыларға – Елшілердің, дипломаттардың және шетелдік өкілдіктері басшыларының жұбайларынан құралған Халықаралық әйелдер клубына берілді. Жақында аталған клубтың президенті болып Қазақстанның Беларусьтегі Елшісінің жұбайы Софья Дарова сайланды.