
Бейнеконференция форматында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысының Өкілдері Палатасының ынтымақтастығы жөніндегі жұмыс топтарының отырысы өтті.
Тараптар Қазақстан мен Беларусьтегі конституциялық реформалардың тұжырымдамалық өзгерістері мен ерекшеліктерін, парламентаралық ынтымақтастық процесін талқылады, сауда-өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру саласындағы заңнамалық қызметтегі өзара іс-қимылдың өзекті бағыттары бойынша пікір және тәжірибемен алмасты.
Парламенттік дипломатияның ерекше рөлі, парламентаралық достық топтарының қызметін жандандыру қажеттілігі айтылды. Қазақстандық депутат Павел Казанцев Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топ құрылғанын, оның құрамына әртүрлі саяси партиялар мен бір мандатты сайлау округтерінің атынан өкілдік ететін 15 депутат кіргенін атап өтті.
- Біздің топтағы Қазақстан Парламентінің барлық палитрасы жинақталған, сондықтан біз кез келген бағытта жұмыс істей аламыз. Екі ел депутаттарының бірлескен жұмысы заңнамалық деңгейде Қазақстан мен Беларусь арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітеді, - деді ол.
Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстандағы конституциялық реформаның нәтижелерімен Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева әріптестермен бөлісті.
– Жаңа өзгерістер Негізгі Заңның 35 бабына әсер етті, яғни Конституцияның үштен бірі іс жүзінде өзгерді. Кейіннен ұлттық заңнама да өзгерді. Конституциялық реформаның мақсаты - қолданыстағы саяси модельді жүйелі түрде өзгерту болғандықтан, өзгерістер, ең алдымен, билік форматына қатысты болды, – деп хабарлады депутат.
Оның айтуынша, бұл басқарудың суперпрезиденттік моделінен президенттік республикаға түпкілікті көшу, Парламенттің билік жүйесіндегі рөлін күшейту, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту арқылы көрініс тапты.
Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаев Ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жөніндегі өнеркәсіптік кооперацияға, ветеринариялық препараттарды өндіру бойынша бірлескен кәсіпорындар құруға, Сүт өнеркәсібі мен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, қазақстандық өнімді Беларусь нарығына өзара тиімді жеткізуді жолға қоюға қатысты ұсыныстар айтты.
Беларусь-Қазақстан достық тобының жетекшісі, Беларусь Ұлттық Жиналысының Өкілдері палатасының Заңнама жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Светлана Любецкая өз елінде сайлау науқанына ауқымды дайындық басталғанын атап өтті.
- Келесі жылдың ақпан айында бізде бірыңғай дауыс беру күні өтеді, бір мезгілде алғаш рет жергілікті кеңестер мен өкілдер палатасының депутаттары сайланады. Сондықтан біз мемлекет өміріндегі жауапты да маңызды кезеңде тұрмыз. Әрине, біз үшін халықаралық тәжірибе және пікірлестерімізбен парламентаралық ынтымақтастық құнды, - деп атап өтті ол.
Отырыс соңында тараптар норма шығару қызметі саласындағы парламентаралық үнқатысуға дайын екендіктерін мәлімдеді, жұмыс топтарының отырыстарын тоқсан сайын өткізуге уағдаласты.
Отырысқа Қазақстанның Беларусьтегі Елшісі Ерлан Байжанов пен Беларусьтің Қазақстандағы Елшісі Павел Утюпин қатысты.