Қазақстан Елшісі Витебск облысының әлеуетімен танысты

Қазақстан Елшісі Витебск облысының әлеуетімен танысты

Витебск, 2023 жылғы 10-11 қараша - Қазақстанның Беларусьтегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Байжанов Витебск қаласына барып, Беларусь Сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырған Сауда кеңесшісі күніне қатысты.

Іс-шара аясында Ерлан Байжанов Витебск облысының басшысы Александр Субботинмен және Беларусь Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Михаил Мятликовпен кездесу өткізді.

Қазақстан Елшісі Сауда кеңесшісінің күнінде сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Беларусь арасындағы өнеркәсіп және технологиялық кооперацияның маңыздылығын атап өтіп, Витебск компанияларына сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуді ұсынды.

Сауда кеңесшісі күні өңірдің экономикалық және туристік әлеуетімен танысу мақсатында Беларусь Республикасында аккредиттелген дипломатиялық корпус үшін ұйымдастырылды. Шетелдік дипломаттар Көтергіш-көлік жабдықтарын өндіретін «Витстройтехмаш» компаниясына барып, Витебск азық-түлік холдингінің сапалы ет-сүт өнімдерін өндіру технологияларымен танысты, сондай-ақ В2В форматындағы Витебск бизнесінің көптеген өкілдерімен кездесулер өткізді.