Минскте Қазақстан Елшілігі мен М.Әуезов атындағы орта мектептің ширек ғасырлық ынтымақтастығы атап өтілді

Минскте Қазақстан Елшілігі мен М.Әуезов атындағы орта мектептің ширек ғасырлық ынтымақтастығы атап өтілді

Минск, 2023 жылғы 1 қараша -  Көрнекті қазақстандық ғалым, жазушы және қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов атындағы Минск қаласындағы №143 орта мектебінде аталған мектеп пен Қазақстан Елшілігі арасындағы  ынтымақтастықтың 25 жылдығына арналған  «Достықтың 25 қадамы» атты естелік іс-шара өтті.

Мектепке М.Әуезов есімі елорданың Завод ауданында аттас көше пайда болғаннан кейін берілді. Содан бері мектеп екі ел арасындағы білім беру, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың орталығына айналып, мектептің жүздеген түлектері Қазақстан тарихы, әдебиеті, қазақ тілі пәндері бойынша білім алды. Оқушылар Қазақстанның әр өңірінде болып, еліміздің көрікті жерлерімен танысты.

 «Бүгінгі кездесуіміз өте маңызды, өйткені халықтар арасындағы шынайы достық осындай жанды коммуникацияларды орнату арқылы қалыптасады және елдер арасындағы қарым-қатынаста осы байланыс ең құнды, ең маңызды», - деп айтты Қазақстанның Беларусьтегі Елшісі Ерлан Байжанов.

Мектеп директоры Вадим Панасевич мектеп пен Қазақстан Елшілігінің бірге бастан өткерген 25 жылдық жолы – алға жылжуды, ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері мен бағыттарын ашатын маңызды кезең екенін атап өтті.

Іс-шараға қазақстандық дипломаттар, Минск қаласының Завод ауданы әкімшілігінің және Халықаралық Минск әйелдері клубының өкілдері, қазақ диаспорасы мен Беларусь жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттер қатысты.

Оқушылар әзірлеген концерттік бағдарламада Абайдың қазақ тіліндегі өлеңдері, қазіргі заманауи Беларусь ақындарының шығармалары, Алдар-Көсе туралы қазақ ертегілер мен музыкалық композициялар орындалды.

Сондай-ақ қонақтарға М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына арналған экспозициясы, мектеп пен Қазақстан Елшілігі арасындағы достық фото шежіресі, завод ауданның тарихы таныстырылды. Ал мерейтойлық датаға орай Елшілік қазақ графикалық суретші Ералы Оспанұлының ХІХ ғасырдағы қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын баяндайтын репродукциялар көрмесін ұйымдастырды.

Сонымен қатар «Белорус халқының геноциді – белорустардың жүрегіндегі тоқтаусыз қайғы» инсталляциясы таныстырылды. Іс-шара соңында қатысушылар мектеп ауласында орналасқан Ұлы Отан соғысы жылдарында Беларусьті азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.