Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінде Мемлекеттік рәміздер күні атап өтілді

Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінде Мемлекеттік рәміздер күні атап өтілді

Минск, 2023 жылғы 5 маусым - Мемлекеттік рәміздер күніне байланысты Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Бейсенбаев Минскідегі қазақстандық студенттердің белсенді өкілдерін марапаттап, оларға естелік сыйлықтар табыс етті.

«Сіздерді Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын. Бұл күн еліміз үшін ерекше мереке. Отанға, сіздер өскен елге деген сүйіспеншілік, оның мемлекеттік рәміздеріне деген құрмет өз Отанының нағыз патриоттарын, белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдарын қалыптастырудың негізі болып табылады. Беларусь жоғары оқу орындарында оқып, Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігімен тығыз қарым-қатынаста бола отырып, сіздер осы қасиеттерді көрсетіп, Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығын дамытуға, ұлттық мәдениетті, тарих пен дәстүрлерді ілгерілетуге өз үлесіңізді қостыңыздар», - деп атап өтті А.Бейсенбаев. Елші қазақ жастарын жан-жақты қолдау Елшілік қызметінің басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта Беларусьтің 28 жоғары оқу орнында 200-ге жуық қазақстандық студент оқиды. Елшіліктің бастамасымен «Беларусьтегі қазақстандық жастар қауымдастығы» жанындағы Беларусьтің жетекші үш жоғары оқу орнында студенттік бірлестіктер құрылды. Жыл сайын олардың өкілдері Елшілік өткізетін маңызды имидждік іс-шараларды іске асыруға, оның ішінде Қазақстан мен Беларусь арасындағы дипломатиялық қатынастары орнатылуының 30 жылдығын, Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығын, Роза Бағланованың 100 жылдығын, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығын мерекелеуге, сондай-ақ спорттық жарыстар мен концерттік бағдарламаларға белсенді қатысады.

Елшінің алғысын алған студенттердің бір бөлігі биылғы жылы оқуын аяқтап, Қазақстанға оралады.

«Біздің еліміз сіздер сияқты білікті мамандардан үлкен үміт күтеді. Шетелде алған білімді Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне бағыттайсыздар деп үміттенеміз», – деді Елші.  

Беларусь мемлекеттік информатика және радиоэлектроника университетінің (БМИРУ) магистранты Қуаныш Жақсылық: «Мен Беларусьте қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша оқимын, сонымен қатар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студентімін. Бізбен өз білімі және тәжірибесімен бөліскен профессор-оқытушы құрамының арасында құрметті профессор, ғылым докторы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібековтің болғаны мен үшін үлкен мәртебе және сәттілік болды. Біз, студенттер үшін ол кісі елге қызмет етудің жарқын үлгісі, мемлекеттілігіміздің бастауында тұрған адам, және, әрине біз де өз мақсатымыз – Қазақстанның лайықты азаматтары болу және оның тарихында жарқын із қалдыру деп санаймыз», – деді Қ.Жақсылық.

БМИРУ-дің 4-курс студенті Мұхаммед Әкімбек Беларусьте оқитын қазақстандық студенттерге қолдау көрсеткені үшін Елшіге алғысын білдірді. «Қазақстанның Минскідегі Елшілігіне келіп, біз өз үйімізде тұрғандай боламыз. Дипломаттарымыз, қазақ диаспорасының өкілдерімен қарым-қатынас жасай отырып, біз Отанымызбен бірлік сезімін сезінеміз және бізге өте қажет эмоцияларды аламыз», – деді ол. Оның айтуынша, қазақстандық студенттер өз курстастарының арасында Қазақстан туралы ақпаратпен барынша бөлісуге ұмтылады, оның жетістіктері, тарихи оқиғалары, мәдениеті және міндетті түрде бару керек әдемі жерлері туралы мақтанышпен айтады.

Қазақстанның Беларусьтегі Елшісімен кездесуге қатысушылар Қазақстанның Мемлекеттік Әнұранын бірге орындап, Елшіктің «Қазақстан» көрме залында Мемлекеттік рәміздер аясында естелік фотосуретке түсті.