Қазақстан Елшісі ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты

Қазақстан Елшісі ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты

Минск, 2023 жылғы 18 мамыр - Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Бейсенбаев ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты. Қазақстан Республикасы Парламентінің қазақстандық делегациясын Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов басқарды.

Отырыста Ерлан Қошанов Қазақстандағы саяси реформалар мен Мәжіліске өткен сайлаудың қорытындылары туралы хабардар етті. Ол сайлауды байқауға ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының бақылау миссиясы құрамына өз өкілдерін жібергені үшін қатысушы елдердің парламенттеріндегі әріптестеріне өз алғысын білдірді. Мәжіліс спикері ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы өзін халықаралық және өңірлік саясаттың өзекті мәселелері талқыланатын, үлгі заңдар әзірленетін маңызды диалог алаңы ретінде танытқанын баса айтты.

Ерлан Қошанов Кеңес мүшелерінің назарын аймақтағы биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығына аударды. «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ шеңберінде биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтергені белгілі. Бұл бағытта жұмыс жүргізілуде. Біздің бастамамызды халықаралық қоғамдастық, оның ішінде ҰҚШҰ бойынша әріптестеріміз қолдайтынына сенімдімін», - деді әріптестеріне Ерлан Қошанов.

Делегация басшылары Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті.

Сапар барысында бірқатар екіжақты кездесулер өтті. Беларусь Республикасы Ұлттық Жиналысы Өкілдер Палатасының Төрағасы Владимир Андрейченкомен кездесуде Мәжіліс Спикері парламентаралық өзара іс-қимыл Қазақстан-Беларусь қатынастарының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті. «Екі елдің парламентшілері екі ел басшылығының уағдаластықтарын іске асыруға белсенді қатысуға тиіс. Біз сондай – ақ Парламентаралық Одақ, ТМД ПАА, ҰҚШҰ және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеялары шеңберіндегі өзара іс-қимылымызды нығайтуға ниеттіміз», - деді Ерлан Қошанов.

ҰҚШҰ ПА Кеңесі аясында Ерлан Қошановтың Тәжікстан Республикасы Парламентінің Төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен және Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің спикері Нурланбек Шакиевпен нәтижелі кездесулері өтті.