
Минск, 2023 жылғы 25 наурыз – сенбі күні таңертең Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігіне қазақстандық дипломаттармен, студенттермен, Беларусьтегі қазақ диаспорасының өкілдерімен бірге Наурыз мейрамын атап өтуге Минск қаласындағы №5 балалар үйінің ұстаздары мен тәрбиеленушілері келді.
Мерекелік іс-шараға қонақтар құр алақан келген жоқ. Олар өздерімен бірге көктем мерекесі мен Наурыз мейрамының жаңаруына арналған кенепте, шыныдан, акварельден салған суреттерін, сондай-ақ кесте тігу, тұзды қамырдан жасалған қолөнер бұйымдарын және әртүрлі көркемдік техникадағы туындыларын ала келді. Барлық жұмыстар Елшілік фойесінде ұйымдастырылған вернисаж көрмесіне қойылды. Көрмеден кейін мерекелік іс-шара басталды.
Елшіліктің күмбезді залында қонақтарды Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Бейсенбаев қарсы алды.
«Бүгін біз көктемнің келуін, табиғаттың жаңаруын білдіретін, жаңа жыл басталатын ұлттық, ежелгі мерекеміз – Наурыз мейрамын тойлап жатырмыз. Біз бұл күнді адамдарды біріктіріп, бейбітшілік пен ынтымаққа, бір-бірін қолдауға шақырғаны үшін «Ұлыстың Ұлы күні» (Халықтың ұлы күні) деп атадық. Бұл күні біздің халқымыз өз болашағы туралы ойлады, ал болашақты құру үшін бүгінді нығайту керек», - деді А.Бейсенбаев.
Елші бүгінде Қазақстанда көп нәрсе жасалып, Жаңа әділ Қазақстанның бақытты болашағы жолында экономика мен саясатта ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ А.Бейсенбаев Беларусь Қазақстанның ең жақын досы екенін, ал екі ел дамуының көптеген бағыттары сәйкес келетінін, ең алдымен бейбітшілікке деген ұмтылыс, бұл тұрақтылық екенін атап өтті.
№5 балалар үйінің директоры Наталья Хурсевич шәкірттер мен педагогикалық ұжымға қазақстандық дипломаттар тарапынан көрсетілген жылы қарым-қатынас пен зор құрмет үшін Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігіне шын жүректен алғыс білдірді. Ол Наурыз мейрамы Қазақстан мен басқа да елдер үшін жай ғана мереке емес екенін айтты. Бұл, ең алдымен, қазақтың ұлттық мәдениетінің бір бөлігі, тарихи мұрасы. Белорус халқы үшін, әсіресе жас ұрпақ үшін Қазақстан халқымен, оның салт-дәстүрлерімен және рухани құндылықтарымен жақынырақ танысуға тамаша мүмкіндік болып табылады. Бұл ретте Н.Хурсевич Қазақстан мен Беларусь халықтары арасындағы достық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Вячеслав Каменконың жетекшілігімен «Спадчына» балалар үйінің музыкалық-аспаптық ансамблі ұжымы «Моя Беларусь» әнін, мектептен тыс тәрбие пәнінің мұғалімі София Карбанович Елшілік тапсырысымен сазгер Ринат Абдулхалықовтың әніне, Ұлықбек Есдәулет, Михаил Поздняков және Елшілік дипломаты Айгүл Аспандиярованың сөзіне жазылған «Қазақстан-Беларусь достығы гимнін» орындады.
Беларусьтегі қазақ диаспорасының жарқын өкілі, республикалық ұлттық музыка байқауларының лауреаты Әлия Сапаралиева мереке қатысушыларын шын жүректен құттықтай отырып, оларға қазақтың таңғажайып әндерін шырқап берді. Бұған қоса БМИРУ студенті Қуаныш Жақсылықтың орындауында Дина Нұрпейісованың «Науаи» және Дәулет Керейдің «Көроғлы» күйлері орындалды. Мерекелік концерттің жүргізушісі, Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінің Минск халықаралық әйелдер клубының мүшесі Гүлмира Мұқанова «Аяла» әнін шырқады.
Балалар үйінің тәрбиеленушілері, қазақ диаспорасы өкілдері мен дипломаттардың балалары Наурыз мейрамын тойлау дәстүрлерін білуге арналған танымдық викторинаға, «Көңілді старттар» спорттық жарыстарына, оның ішінде арқан тартысқа белсенді қатысты. Сонымен қатар асық ойнаудан турнир өтті. Алғаш рет өз бақтарын сынаған белорус жасөспірімдер таңқаларлық нәтиже көрсетті.
Ал қыздар қазақстандық дипломаттардың жұбайлары өткізген самса мен бауырсақ пісіру бойынша шеберлік сабағына қатысты. Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінің Минск халықаралық әйелдер клубының мүшесі Әсел Шуватова «Наурыз мейрамы» балалардың естеріне сақталу үшін әрқайсысына өз қолымен дайындаған авторлық, дизайнерлік әшекей бұйымдарын сыйға тартты.
Елшілік қонақтары үшін Елшіліктің жанынан ашылған «Қазақстан» залына танымдық саяхат ұйымдастырылды. онда еліміздің көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихын баяндайтын экспозицияны тамашалаумен қатар, Беларусь мемлекеттік медицина университетінде білім алып жүрген қазақстандық студенттер Гүлжан Нұрпейісова мен Әйгерім Белғұжанова қонақтарды қазақтың киіз үйі мен баланы «Бесікке салу» дәстүрімен таныстырды.
Балалар үйінің тәрбиеленушісі Дарья Метлицкая үшін бұл күн өмір бойы есте қалатын ерекше күн болды, өйткені ол Наурыз мейрамы арқасында Қазақстан туралы, Наурыз мейрамы туралы көп мағлұмат алғанын, қазақтың дәмді тағамдарынан дәм татып, қазақтың ұлттық тағамдарын пісіруді үйренгенін қуана айтты. Дарья баскетбол ойнында үш ұпайлық сызықтан себетке доптарды оңай лақтыра отырып, өзінің ерекше қабілетін көрсетті.
Мереке тамаша дастарханмен аяқталып, қатысушыларға естелік дипломдар, медальдар мен сыйлықтар табыс етілді.