Минск, 2023 жылғы 1 наурыз – Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінде дөңгелек үстел өтті, онда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан өзгерістер мен реформалар контексінде Қазақстанда болып жатқан маңызды оқиғалар, сондай-ақ елімізде жалғасып жатқан демократиялық өзгерістер аясында ү.ж. наурызда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің алдағы сайлауы талқыланды.
Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Бейсенбаев өз сөзінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың саяси және әлеуметтік-экономикалық даму арқылы мемлекеттік басқару негіздерін нығайту бойынша қабылдаған шараларының маңыздылығын атап өтті. Бұған 2022 жылы өткен жалпыұлттық референдумның қорытындысы бойынша Қазақстанда жаңа демократиялық қағидаттарды іске асыруға, оның ішінде Парламенттің ықпалын арттыруға, жаңа саяси партияларды тіркеу рәсімдерін оңайлатуға, ауыл әкімдерін тікелей сайлауға, конституциялық сот құруға және т. б. жол ашқан Конституциялық реформа ықпал етті.
А.Бейсенбаев қатысушыларды 2023 жылғы 19 наурызда өтетін Мәжіліс (Парламенттің төменгі палатасы) және мәслихаттар (жергілікті өкілді органдар) депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауына дайындық барысы туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Елші, бұл сайлау Президент Қ.Тоқаев бастаған саяси жаңару циклінің соңғы кезеңі болып табылатынын, бұған дейін 2022 жылғы қарашада президенттік және 2023 жылғы қаңтарда Сенат (ҚР Парламентінің жоғарғы палатасы) сайлауы өткенін айтты.
Осы шаралардың арқасында қазір республикада тіркелген партиялардың саны жетіге дейін өсті. Атап айтқанда «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы, Қазақстанда «Amanat» басқарушы партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясы», Жалпыұлттық социал–демократиялық партиясы (ЖСДП), «Қазақстан халық партиясы», «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігі. Жалпы, ҚР Орталық сайлау комиссиясы осы партиялардан ұсынылған 12 451 кандидатты тіркеді, оның 716 – Мәжіліске, 11735 – мәслихаттарға.
Елші, Қазақстан әрқашан еркін, ашық және әділ сайлау өткізуге деген бейілділігін мәлімдеп, сайлау үдерісіне байқаушыларды шақырудың маңыздылығын атап өтті. Ол алдағы сайлауға ҚР СІМ 10 халықаралық ұйымның атына және ҚР ОСК төрағасының атынан 34 шет мемлекеттің орталық сайлау органдары басшыларының атына шақырулар жіберілгенін хабарлады. Қазақстандағы сайлауды бақылау үшін Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері шақырылды. Халықаралық бақылаушыларды аккредиттеу жалғасуда.
«Алдағы сайлау қазақстандық демократияның дамуындағы тағы бір маңызды кезең болмақ. Әрине, сайлау елімізді бір күнде өзгертпейді, бірақ ол әрі қарай жігерлі, серпінді және бәсекеге қабілетті саяси жүйесі бар гүлденген қоғамды - Әділ Қазақстанды құруға септігін тигізеді. Біздің еліміз халықаралық қоғамдастықта бұдан да күшті серіктес болатынына сенімдімін, әрине, әсіресе бұрыннан келе жатқан досы, сенімді стратегиялық серіктесі Беларусь Республикасына», - деп түйіндеді сөзін А.Бейсенбаев.
БМУ халықаралық зерттеулер орталығының директоры Олег Лешенюк дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде:
«Біз мемлекеттік басқару тәсілдерінің, кадр саясатының, шешім қабылдау жүйесінің және олардың орындалуы үшін жауапкершіліктің елеулі өзгеруін көріп отырмыз. Қазақстанда «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде елдің негізгі саяси институты – «әділ мемлекет» сапасы жағынан жаңа мемлекет қалыптасуда.
Бұл, әрине, мемлекет пен оның органдары қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту мүддесі үшін реформалар жүргізу және елді басқару үдерісіне азаматтар мен азаматтық қоғам институттарын тартуға ықпал етеді.
Саясаттанушы, ТМД ПАА сарапшысы Анатолий Бояшов Қазақстандағы алдағы парламенттік сайлауда сайлаушылардың жоғары белсенділігін қамтамасыз ететін үш маңызды фактор бар деген пікір білдірді.
«Бұл басқарушы кадрларды жаңарту, жастар мен саяси қатысуы шектеулі топтар үшін әлеуметтік тетіктерді дамыту, елдегі бірегей мемлекеттік басқару жүйесін нығайту. Олар халықтың құқықтық мәдениетін дамытып, азаматтардың сайлауға деген сенімін арттырып, әркімнің өз еркін білдіруіне кепілдік береді», - деді А.Бояшов.
Сонымен қатар саясаттанушы дөңгелек үстел қатысушылардың назарын сайлаушыларға, сайлауды ұйымдастырушыларға және деректерді беру құралдарына қатысты сайлау қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне аударды.
«Тәжірибе көрсеткендей, азаматтардың мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатысу дәрежесі өскен сайын сырттан араласу да күшейе түседі», - деді ол. Дегенмен, оның айтуынша, бұған қарсы тұрудың түрлі тетіктері, соның ішінде ТМД ПАА-ның тиісті ұсыныстары бар.
БМУ журналистика факультетінің деканы Алексей Беляев «Қазақстанда партиялар қазірдің өзінде институттандырылған және мемлекеттік басқару жүйесіне әбден нық кірген және сайлаудың белсенді қатысушылары болып табылады», - деген пікір білдірді. Осыған орай, Беларуське қазақстандық партиялардың тәжірибесін зерделеу пайдалы болатынын атап өтті. «Партиялық күрес – бұл мемлекеттік басқарудың кадрлық резервін қалыптастыру. Жас талантты және жарқын саясаткерлерді ілгерілету бар», - деп есептейді А.Беляев.
Беларусь стратегиялық зерттеулер институтының (БҒЗИ) бөлім бастығы Антон Дударенок: «Қазақстанның саяси даму тәжірибесі қазіргі жағдайда өте маңызды. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан қайта құрулардың барысы ел басшылығының мемлекеттің саяси жүйесін нығайтуға жүйелі көзқарасын көрсетеді».
Оның пікірінше, сайлауға дайындық барысында қабылданған қадамдар саяси бәсекелестікке негіз болады және қоғамның ішкі саяси жаңғыру мен ауқымды реформаларға деген сұраныстарына жауап береді.
Дөңгелек үстел қатысушылары, оның ішінде Беларусьтің ықпалды саясаттанушылары, сарапшылары, ғалымдары өткен жылы елімізде жүргізілген күрделі саяси өзгерістерден кейін Қазақстанда өткізіліп жатқан ағымдағы сайлау науқанының бірегейлігін атап өтті.