
Минск, 2022 жылғы 27-30 қараша - Беларусьте Қазақстанның Мәдениет күндері бастау алды. Ашылу салтанаты елдің басты сахнасы – Республика сарайында өтті.
Ашылу салтанатында Беларусьтің Мәдениет министрі Анатолий Маркевич екі ел халықтары арасындағы достастық қарым-қатынас шынайы және ежелден келе жатқанын атап өтті.
«Соңғы тарих елдеріміз арасындағы жақсы мәдени диалогпен ерекшеленді. Қазақстаннан келген талантты, жас, өршіл орындаушылар – «Витебсктегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің тұрақты қатысушылары мен жеңімпаздары. Біздің Үлкен театр мен «Астана Опера» арасында өте жақсы тығыз қарым-қатынас орнады. Біздің көрермендер «Лістапад» кинофестивалі аясында Қазақстан кинематографистерінің шығармашылығына қол жеткізуге мүмкіндік алды. Біз Қазақстанды стратегиялық серіктес және нағыз дос ретінде, керемет табиғаты мен ерекше сәулеті бар, өте мейірімді, жанашыр және қонақжайлы адамдар тұратын ел ретінде жоғары бағалаймыз», - деді Беларусьтің Мәдениет министрі.
Өз кезегінде сөз алған Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев белорус жұртшылығына: «Қазақстандықтар мен белорустар – достастығы, одақтастығы, өзара түсіністігі терең тамыры мен дәстүрі бар екі бауырлас халық. Ең бастысы, жылдан жылға олар одан әрі күшейе түседі. Әрине, елдерімізді жақындастыру ісінде мәдениет пен өнер әрқашан ерекше рөл атқарды. Қазақстан ұрпақтары «Беловежская пуща», «Олеся» немесе «Вологда» сияқты аты аңызға айналған «Песняра» тобының хиттерінде өсті. Бірақ одан да маңыздысы, бұл дәстүр үзілмей, жастарымыз Макс Корждан Никита Мастякқа дейін Беларусьтің танымал орындаушыларын қуана тыңдайтынын айтты.
«Біз ұдайы кино және өнер көрмелерін өткізіп тұрамыз, кітапханаларымыз, мұражайларымыз және мұрағаттарымыз жемісті ынтымақтасады, бірқатар университетаралық келісімдер жүзеге асырылуда, әдебиет пен кинематографистер арасында достық байланыстар сақталып, театрларымыз арасындағы әріптестік байланыстар дамып келеді.
Беларусьтің басты мәдени брендіне айналған «Витебсктегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалі көптеген дарынды қазақстандық әншілер үшін үлкен шығармашылық өмірге бастау берді», - деді Д.Абаев.
Қазақстан министрінің айтуынша қазақстандықтар Беларусьті өзіндік ерекшелігі мен мәдени талғамының бірегейлігі үшін жақсы көреді. «Халықтарымыз арасындағы рухани байланыс ешқашан үзілмесін»,- деді Д.Абаев.
Республика сарайының сахнасында Қазақстанның жетекші әртістері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті, оның ішінде «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әлішер Кәрімов, Асылбек Енсепов, Жанар Доғалова, «Витебск-2021» халықаралық эстрадалық ән орындаушылар байқауының жеңімпазы Рухия Байдүкенова, Ернар Садырбаев (2018 жылы «Славян базары-2018» бірінші жүлде), Әділхан Макин («Славян базары-2019» гран-при) және басқа да әншілер бар.
Гала-концерт басталар алдында Қазақстанның халық қолданбалы өнерінің көрмесі өтті, белорустар мен ел қонақтары қазақтың дизайнерлік ұлттық киімдері мен аяқ киімдеріне, күмістен жасалған бұйымдарына, былғарыдан және ағаштан жасалған сәндік панолары мен кәдесыйларына үлкен қызығушылық танытып, жеке қоржындарын толықтырды.
Сонымен қатар Беларусь Мемлекеттік музыка академиясында Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік квартет скрипка өнері бойынша шеберлік сыныптарын берді, Қазақстанның Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов пен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев ұлттық аспаптарда ойнады.
Бір жарым жыл бұрын Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінің қолдауымен Беларусь Мемлекеттік музыка академиясында «Домбыра күні» өтті. Іс-шара барысында академияда домбыра сыныбын ашу және алдағы жылдары Астанада жыл сайын атап өтілетін «Домбыра күні» мерекесіне орайластырылған концертке қатысу идеясы туды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Д.Абаев академияға домбыра аспаптарын сыйлады.
Сонымен қатар «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі академияда дәріс-концертін берді. Аталған ансамбльдің қоржынында қазақтың 20-дан астам ұлттық аспаптары ұсынылған.
Беларусьтегі классикалық музыка әуесқойлары үшін Беларусь мемлекеттік филармонияда Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік квартет концерт берді. КСРО халық әртісі, композитор және ұстаз Ғазиза Ахметқызы Жұбанованың есімімен аталатын квартеттің концерті оның 95 жылдығына тұспа тұс келгені маңызды болды.
Концерттік бағдарламада әлемдік скрипка музыкасының жауһарлары болып танылған Л.Бетховен мен Д.Шостаковичтің шығармалары орын алды.
Ғ.Жұбанованың №1 ре минор аспаптар квартетінің орындалуы Минсктің талғампаз аудиториясын тамсандырды.
Мәдениет күндері аясында қазақстандық кино күндері өтті. Көрермендерге бес фильм ұсынылды. А.Сатаевтың «Ұлы Дала таңы» тарихи фильмі кино күндерін ашты. Сондай-ақ Минск тұрғындары Н.Садығұловтың «Балуан Шолақ» және белорус жерінде түсірілген Б.Шекеровтің «1941 жылдың жазы» фильмдерін тамашалай алды. А.Сахаманның «Дос Мұқасан» және А.Байрақымовтың «Паралимпиадашы» фильмдері кино күндерін аяқтады.
Мәдениет күндері аясында екі елдің министрлері Д.Абаев пен А.Маркевич бастаған ресми делегациялар екіжақты келіссөздер өткізді. Кездесуге Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшісі Асқар Бейсенбаев қатысты. Тараптар ынтымақтастықты кеңейтудің тақырыптық мәселелерін талқылады. Кинематография, көрме және мұрағат ісі, гастрольдік және білім беру қызметі, оның ішінде екі елдің студенттері мен ұстаздары арасында мобильді алмасу ең перспективалы салалар ретінде танылды.
Басқосу Беларусь мемлекеттік филармония мен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қоюмен аяқталды. Жақын арада ол нақты жобалар мен істерге толығатын болады.