Минск, 2022 жылғы 24 қараша - Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Бейсенбаев Ұлы Отан соғысы тарихы мұражайында өткен «Единой памяти верны» халықаралық мәдени-тарихи форумына қатысты.
Аталған форумға дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, ТМД – ға қатысушы мемлекеттердің Тұрақты өкілетті өкілдері кеңесінің мүшелері, Беларусьтің мемлекеттік органдары мен қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Қазақстанның Беларусьтегі Елшісі А.Бейсенбаев өз сөзінде қазақстандық жауынгерлер Ұлы Отан соғысында ең қауіпті және қиян-кескі ұрыстарға қатысып, Брест қамалын, Мәскеу мен Ленинградты қорғағанын атап өтті. Сондай-ақ қазақстандық жауынгерлер Сталинград, Курск шайқастарына қатысып, Беларусьті, Украинаны, Еуропа елдерін азат етіп, Берлиндегі Рейхстаг үстінде Жеңіс туын желбіретті. Соғыс жылдары жалпы 497 қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды, оның ішінде бұл атақ 4 қазақстандық жауынгерге екі рет берілді, ал 84 қазақстандық жауынгер Беларусь жерін жаудан азат еткені үшін осы атақты иеленді. Он мыңдаған жауынгер ордендер және медальдармен марапатталды, 100-ден астам жауынгер Даңқ орденінің толық иегері атанды.
Бұған қоса А.Бейсенбаев қазақстандықтар тек майданда ғана емес, тылда да соғысқанын атап өтті. Басқа халықтармен бірге олар партизандық қозғалысқа қатысты. Беларусьтің әртүрлі аймақтарында әрекет еткен 65 партизан бригадасы мен жасақтың құрамында 1500-ден астам қазақстандық жауынгер болғанын назарға салды.
Сондай-ақ Елші екі елдің іздестіру жасақтары жұмысының маңызды рөліне тоқталды. Іздестіру жұмыстардың нәтижесінде көптеген жауынгерлердің сүйектері табылды, із-түссіз кеткен батырлардың есімдері анықталды, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың отбасыларына марапаттар тапсырылды.
Биылғы жылы қазақстандық іздестіру жасақтары Витебск облысының Дубровенск ауданында 18 қазақстандық сарбаздардың сүйектерін тапты. «Рылинки» мемориалдық кешенінде оларға арналған ескерткіш орнатылды.
Бұған қоса А.Бейсенбаев Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандық партизандар туралы мұрағат материалдарды тауып, Қазақстан Елшілігіне тапсырған Минск облысы Ислоч ауылынының тумасы, белорус әскери ардагер Владимир Аткаевтың және әскери тілші, 6-шы Орлов Қызыл Тулы атқыштар дивизиясының 333-атқыштар полкінің аға сержанты Матқалық Дәурембаевтың 45 басылымын жинақтап, қырқыншы жылдардағы әскери журналистика туралы кітапты басып шығарған Лаила Ахметованың зор үлестерін айтты.
Сөз соңында Қазақстан Елшісі белорус халқына сұрапыл соғыста қаза тапқан жауынгерлерді еске алу мен оларға шынай құрмет көрсеткені үшін алғыс білдіріп, Беларусьте 2022 жыл «Тарихты еске алу жылы» болып жарияланғанының маңыздылығын атап өтті.