
Минск, 2022 жылғы 22 қараша - Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Бейсенбаевтың төрағалығымен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Тұрақты өкілетті өкілдері кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Іс-шараға Кеңес мүшелері, сондай-ақ бейнеконференция режимінде ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы-Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты.
Отырыс басында ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев 2022 жылғы 20 қарашада өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан байқаушылар миссиясының жұмысы туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Атап айтқанда, ол 174 адамнан тұратын Достастықтың 9 елінің өкілдерінен құралған ТМД байқаушылары миссиясының ауқымды деңгейін атап өтті. Миссия құрамына ТМД-ға мүше 6 мемлекеттің белгілі парламентшілері мен Орталық сайлау комиссиясының басшылары кірді. Сергей Лебедев қазақтың дәстүрлі қонақжайлылығына назар аударып, ТМД-дан байқаушылар миссиясының басшысы ретінде қазақстандық тарап сайлау науқанын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуді қамтамасыз еткенін айтты. Сондай-ақ сайлаудың баламалы негізде өткендігі, ашық, әділ, демократиялық сайлау өткізу қағидаттарына сәйкес келетіндігі және бұған мол тәжірибесі бар Нұрлан Әбдіровтің басшылығымен ҚР Орталық сайлау комиссиясының үйлесімді жұмысы ықпал еткендігі туралы хабардар етті.
Іс-шара салтанатты түрде «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 30 жыл» мерекелік медальдармен жалғасты. Қазақстан Республикасының Достастықтың жарғылық және басқа да органдары жанындағы Тұрақты өкілетті өкілі, Елші Асқар Бейсенбаев және ТМД Атқарушы комитеті төрағасының бірінші орынбасары Леонид Анфимов ТМД Атқарушы комитеті төрағасының орынбасары Бекетжан Жұмахановқа және ТМД Атқарушы комитетінің Қауіпсіздік және жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл департаменті директорының орынбасары Әлім Жақсыбековке медальдарды табыс етті.
Содан кейін Тұрақты өкілдер кеңесі отырыстың күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға кірісті. Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптегі еңбек қауіпсіздігін қадағалау департаментінің бастығы Александр Клобук 2017-2021 жылдардағы өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі мемлекетаралық кеңестің қызметі туралы сөз сөйледі.
Бұған қоса Кеңес төрағасы Асқар Бейсенбаев 28 қазанда Астанада өткен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысын қорытындылады.
Кездесу соңында қатысушылар өзбек тарапы ТМД Атқарушы комитетіне сыйға тартқан «Өзбекстанның мәдени мұрасы әлем коллекцияларында» атты басылымдар көрмесімен танысты.