
Минск, 2022 жылғы 20 қараша - Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілігі жанындағы №263 сайлау учаскесінде жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де Қазақстан Республикасының Президентіне сайлау басталды.
Қазақстан азаматтары, сондай-ақ Брест қаласындағы ҚР Консулдығының ғимаратындағы №298 сайлау учаскесінде өздерінің сайлау құқығын іске асыра алады.
Сайлау учаскелерінің ашылуы еліміздің Мемлекеттік Әнұранын орындаумен салтанатты түрде өтті.
Дауыс беру алдында дауыс беру ережелерін нақтылау, Қазақстан Президенті лауазымына кандидаттардың өмірбаяндарымен танысу қажет деп санайтындар үшін Елшілік фойесінде ақпараттық стендтер орналастырылған.
№263 сайлау учаскесіндегі сайлау процесін ТМД Атқару комитетінің кеңесшісі Ольга Кремская бақылайды.
Алғашқы сайлаушылар Ирада Нұрметов пен Рауан Ақбердиев болды. Олар бүгін таңертең Минскке қызметпен келді.
«Біз Қазақстан Президентінің сайлауына қатысу – әрбір азаматтың борышы деп санаймыз. Сондықтан, ұшақтың бортынан Елшіліктің сайлау учаскесіне қарай бет алдық. Біздің болашағымыз, балаларымыздың және бүкіл елдің болашағы біздің дауысымызға байланысты екеніне сенімдіміз», - деді И.Нұрметова.
Беларусьте алғашқы сағат ішінде 30-ға жуық адам дауыс берді.
Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін өтеді.