Минск, 2022 жылғы 20 қазан - Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Бейсенбаевтың төрағалығымен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Тұрақты өкілетті өкілдері кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Іс-шараға Кеңес мүшелері, сондай-ақ бейнеконференция режимінде ТМД Атқарушы комитеттің төрағасы-Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты.
Кеңес төрағасы, Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Бейсенбаев 2022 жылғы 12 және 14 қазанда Астанада өткен Сыртқы істер министрлері кеңесі мен ТМД мемлекеттері Басшылары кеңесінің отырыстарын қорытындылады.
Сонымен қатар Кеңес мүшелері 2022 жылғы 28 қазанда Астанада өтетін ТМД Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысына дайындықты талқылады.
Бұған қоса Кеңес Атқарушы комитет төрағасы-ТМД Атқарушы хатшысы Сергей Лебедевтің 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында ТМД-дан бақылаушылар миссиясының басшысы ретіндегі кандидатурасын мақұлдады.
Беларусь Республикасының Спорт және туризм министрі Сергей Ковальчук отырыс қатысушыларды келесі жылдың тамыз айында ТМД елдерінің II ойындарын Беларусьте өткізу дайындығы барысы туралы хабардар етті.
ТМД Атқарушы комитеті Экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Михаил Мыскин ТМД Атқарушы комитеті мен Еуразиялық экономикалық комиссия арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету жөніндегі Меморандумды іске асыру бойынша 2021-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыру қорытындылары туралы баяндады.
Кеңес отырысы аяқталғаннан кейін ТМД-дағы халық шығармашылығы мен мәдени мұра жылына орайластырылған «Достастық елдеріндегі мәдени мұра» фотокөрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Экспозицияда ұсынылған материалдық және материалдық емес мәдени мұра объектілерінің көпшілігі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген немесе оған енгізуге үміткерлер болып табылады.