Минск, 2022 жылғы 30 қыркүйек - Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Бейсенбаевтың төрағалығымен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Тұрақты өкілетті өкілдері кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Отырысқа ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Тұрақты өкілетті өкілдері, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы-Атқарушы хатшысы С.Лебедев және ТМД Атқару комитетінің қызметкерлері қатысты.
Кездесуде тұрақты өкілетті өкілдер мәдени ынтымақтастық жөніндегі кеңестің қызметін талқылады. Осы мәселе бойынша Беларусь Республикасының Мәдениет министрі Анатолий Маркевич сөз сөйледі.
ИТАР-ТАСС таяу шет елдер редакциясы жетекшісінің орынбасары Борис Грушин тұрақты өкілетті өкілдерді ТМД Мемлекеттік ақпарат агенттіктері басшылары кеңесінің жұмысымен таныстырды.
Тұрақты өкілдер кеңесінің отырысында 2011 жылғы 18 қазандағы Еркін сауда аймағы туралы шарттың ережелерін іске асыру туралы мәселе қаралды. Оның басты мақсаты – халықтың өмір сүру деңгейін арттыру,, өзара сауданы кедергісіз дамыту мүддесінде экономиканың тұрақты дамуына жағдай жасау.
Сонымен қатар кеңес мүшелері қазан айының ортасында Астанада өтетін ТМД Мемлекет басшылары кеңесі мен Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырыстарына дайындық мәселелерін талқылады.
Басқосу аясында Беларусь президенттік кітапханасының ұйымдастыруымен белорус халқының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы геноцид тақырыбына арналған «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы геноцидті білу және есте сақтау» атты көрмесінің таныстырылымы өтті.