Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы Минскте атап өтілуде

Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы Минскте атап өтілуде

Минск, 2022 жылғы 6 қазан – әлемдік әдебиет классигі, көрнекті қазақ жазушысы, драматург, ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 125 жылдығы Минскте 6-7 қазанда атап өтілуде.

Мерекелік іс-шаралардың өтетін орны - 2009 жылы М.О.Әуезовтің аты берілген Минск қаласындағы №143 орта мектеп болып табылады. Бұл мектеп артына 50 томдық әдеби мұра қалдырған, тәжі «Абай жолы» роман-эпопеясы болып табылатын автордың есімімен де аталған көшеде орналасқан. 2000 жылдардың басында Минск қаласының завод ауданының әкімшіліктері, мектеп және Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігі арасында достастық пен ынтымақтастық орнады.

6 қазанда Елшіліктің қолдауымен «Мұхтар Әуезов әлемі» атты әдеби кеш ұйымдастырылды, оған ақын, прозашы, сыншы, әдебиеттанушы және тілтанушы Михаил Поздняков қатысты. Ол «Абай жолы» романын белорус тіліне аударып,  белорус қауымына М.Әуезовтің үздік шығармасын ана тілінде оқуға мүмкіндік берді.

Шығармашылық кешке мектеп жанынан ашылған әл-Фараби атындағы кабинетте Қазақстан тарихы мен мәдениетін, қазақ тілін үйренумен жүйелі және ынталы айналысатын 30-дан астам оқушы қатысты.

«Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын қалыптасқан достық, ынтымақтастық қадамдары сақталып, еселене түсуі керек. «Мұхтар Әуезов әлемі» шығармашылық кеші сияқты іс-шаралардың маңызы зор, оған қатысқан әрбір адам үшін жақсы естелік қалдырады», - деді кешті ашқан мектеп директоры Вадим Панасевич.

«Жаңа оқу жылы, Қазақстан-Беларусь қатынастардың орнағанына 30 жыл толған жылы, қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің мерейтойына арналған бұл есте қаларлық оқиғамен ерекшеленуі маңызды. Бұл біздің достығымыздың, сеніміміздің және өзара түсіністігіміздің жоғары деңгейін көрсетеді», - деді Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінің кеңесшісі Асхат Мұқашев. Дипломат мектеп оқушылардың Қазақстан туралы, Қазақстан-Беларусь қатынастардың тарихы туралы білімдерінің жоғары деңгейін, сондай-ақ белорус жасөспірімдердің қазақ тіліне, әдебиетіне, мәдениеті мен дәстүрлеріне деген қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

Осыған орай, В.Панасевич Елшілік пен «Отандастар» қоры арнайы құрал-жабдықтармен жабдықтап берген әл-Фараби атындағы кабинетте тек мектеп оқушылары ғана емес, сонымен қатар Завод ауданының ересек тұрғындары да қазақ тілі сабағын алуға ниетті екенін айтты.

М.Поздняковтың айтуынша, әлем әдебиетінде, әлемдік мәдениетте Абай сияқты есімдер көп емес. Белорустарда Якуб Колас, Иван Купала...

«Бірақ мен Абайды одан да жоғары қояр едім, өйткені ол тек ақын, ойшыл, философ ғана емес, сонымен қатар музыкант, композитор. Ал «Абай жолы» романының авторы Мұхтар Әуезов - белгілі ғалым, зерттеуші, әдебиет классигі. Мұндай шығарманы Абайдан кем емес ауқымы мен таланты бар адам ғана жаза алады. Абай бейнесі, Абай жолы мен Мұхтар Әуезовтің таланты үйлесімінің арқасында адамзат әлем әдебиетінің нағыз жауһарына ие болды», - деп атап өтті М.Поздняков.

Жазушы жарты ғасырлық шығармашылық, аудармашылық өмірінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» сияқты шығармасын тек көлемі жағынан ғана емес, сондай-ақ тереңдігімен, өмір көрінісінің кеңдігімен кездестірмегенін айтты.

«Бұл жай ғана роман емес - бұл халықтың рухани өмірінің энциклопедиясы, бұл ұлттың қалыптасу энциклопедиясы, бұл ұлы қазақ даласының энциклопедиясы. Осы романды оқығаннан кейін қазақтардың өмірі, оның тұрмысы, халық фольклоры мен дәстүрлері, табиғат сұлулығы, дала тынысы және т.б. туралы сол кездегі тарихи құжаттарды зерделегеннен гөрі көбірек ақпарат пен түсінік аласыз», - деп М.Поздняков роман аудармасы барысында алған  өз әсерімен бөлісті.

«Біз қазақ тілін, Қазақстан тарихын үйренуге қуаныштымыз. Бұл бізге болашақта көбірек мүмкіндіктер береді, өйткені біздің елдеріміздің ынтымақтастығы жылдар өткен сайын кеңейе түседі. Біз сондай-ақ Қазақстанға, Ұлы Абай Құнанбаев пен Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің Отанына баруды армандаймыз. Бүгін біз ана тілімізге аударған Михаил Павлович Поздняковтың аузынан «Абай Шляхы» роман-эпопеясынан үзінді естідік. Жас Абайдың қалаға барғаннан кейін, қайтып оралған жерлерінің суреттелуі соншалық әдемі, мен сол жерлерге барып, көрсем бе деймін», - деп мектеп оқушылары өз жоспарлары және армандарымен бөлісті.

«Менің ойымша Якуб Колас біз үшін қалай қымбат, сол сияқты Мұхтар Әуезов те қазақтар үшін қымбат. Мен өз мектебімде осы екі жазушының шығармашылығын зерттей алатыныма өте қуаныштымын. Мұндай мүмкіндік біздің мектептің оқушыларында ғана бар» - деді жоғары сынып оқушылардың бірі мақтанышпен.

7 қазанда М.Әуезовтің 125 жылдығына арналған іс-шаралар жалғасады. Мектеп оқушылары мен педагогикалық құрамы Хамза Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы шақырған халықаралық оқырмандар конференциясына онлайн форматта қатысады.

Конференцияның мақсаты - қатысушы елдердің балалары мен жасөспірімдерін, кітапханалардың оқырмандарын жазушының шығармашылық мұрасымен таныстыру, оның әлемдік мәдениетке қосқан үлесін дәріптеу, жас оқырмандардың М.Әуезовтің шығармашылығына деген қызығушылығын ояту, сондай-ақ кітапхана қоғамдастығының халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығын дамыту.

Конференция барысында М.Әуезов шығармашылығының экология мәселесіне, оның өнерді дамытуға қосқан үлесіне байланысты аспектілері талқыланады.

Айта кету керек, М.Әуезов атындағы мектеп кітапханасының қорында қазақстандық авторлардың ондаған басылымдары бар, ал «Абай жолы» роман-эпопеясы ерекше орын алады.

Бүгін Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігі мектепке ресейлік жазушы және аудармашы Анатолий Ким аударған және 2020 жылы аяқтаған соңғы басылымдардың бірін сыйға тартты.