Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгерді еске алуға арналған іс-шара өтті

Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгерді еске алуға арналған іс-шара өтті

Гомель облысы, 2022 жылғы 27 тамыз – Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінің қолдауымен Гомель облысы Калинков ауданы Липовск ауылдық кеңесінің Мироненки ауылында 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгер Тұрсын Керімбаевты еске алуға арналған іс-шара өтті.

Іс-шараға Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінің өкілдері, Липовск ауылдық кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Елена Хотько және қаза тапқан қазақстандық жауынгердің туыстары Ұлдаркүл Құралова, Сәбитбек Құралов және Бақытжан Тұрметов қатысты.

Ұ.Құралованың айтуынша, Т. Керімбаев 1922 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданы Күреңбел ауылында дүниеге келген. Керімбаевтар отбасында екі бала болған, Керімбаев Тұрсын және оның қарындасы Керімбаева Зейнекүл. 1942 жылы әскери училищені аяқтағаннан кейін, Т.Керімбаев соғысқа аттанған. 44-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 128-ші пулемет взводының командирі болған, 1943 жылы белорус жерін неміс-фашист басқыншылардан азат ету жолындағы қиян-кескі шайқас барысында қаза тапқан. Қазақстандық жауынгердің қаза тапқан нақты орны мен жерленген жері осы уақытқа дейін Керімбаевтар әулиетіне белгісіз еді.

Ұ.Құралова атап өткендей, Зейнекүл анасының арманын жүзеге асыру үшін (жауынгердің қарындасы) нағашы ағасының жерленген жерін іздей бастады. Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі Орталық мұрағатынан тапқан материалдар бойынша, сондай-ақ Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігі мен Беларусь Республикасының Қорғаныс министрлігі Қарулы күштерінің Отан қорғаушылар мен соғыс құрбандарын еске алу басқармасымен бірлескен жұмысының нәтижесінде Т.Керімбаев Полесск облысы Василевск ауданы Многоверша ауылында (қазіргі Гомель облысы Калинков ауданы Липовск ауылдық кеңесі Мироненки ауылы) қаза тапқаны анықталды.

Қазақстандық жауынгердің туыстары Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінің басшылығына қазақстандық жауынгердің қаза тапқан орнын табуға қолғабыс көрсеткені үшін сондай-ақ еске алу рәсімін ұйымдастырғаны үшін шын жүректен алғыс айтты. Гомель облысы Калинков ауданы Липовск ауылдық кеңесі Мироненки ауылының әкімшілігіне құрмет көрсетіп, болашақ ұрпақ үшін сақтап келген естелік үшін шын жүректен ризашылығын білдірді.

Кейін, қазақстандық жауынгердің туыстары Липовск орта мектебінде орналасқан мұражай мен Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінде болып, Ұлы Отан соғысына арналған стендпен танысты.