Минскте Қазақстан мен Беларусь арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына және Абай атындағы қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығының 10 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

Минскте Қазақстан мен Беларусь арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына және Абай атындағы қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығының 10 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

Минск, 2022 жылғы 27 мамыр – Беларусь ұлттық техникалық университетінде Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл және Абай атындағы Қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығының ашылғанына 10 жыл толуына орай «Мәдениеттер диалогы - объективті қажеттілік» атты дөңгелек үстел өтті.

Аталған іс-шараны Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілігі және Беларусь ұлттық техникалық университеті ұйымдастырды.

Дөңгелек үстел офлайн және онлайн форматында өтті.

2012 жылғы мамырда Беларусь ұлттық техникалық университеті жанынан Абай атындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы, ал 2010 жылғы маусымда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан қазақстандық-белорус ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығы ашылды.

Бүгінгі таңда Беларусьтің жоғары оқу орындарында 247 қазақстандық студент білім алуда, оның 18-і Беларусь ұлттық техникалық университетінде, ал Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 21 белорус студенті  оқиды.

Екі университет Қазақстан мен Беларусьтің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ғылыми-білім беру консорциумының үйлестірушісі болып табылады және ғылыми зерттеулер жүргізу, инновациялық құрылымдарды құру, ғылым мен техниканы дамытудың басым бағыттарына жаңа технологияларды енгізу бойынша түрлі жобаларды іске асырады.

Қазіргі таңда  ғылыми-білім беру консорциумының қызметіне Беларусьтің 23 жоғары оқу орны, 3 ғылыми ұйымы және Қазақстанның 22 жоғары оқу орны мен 3 акционерлік ғылыми-өндірістік бағыты қатысады.

Басқосу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты жандандыруға, оның көкжиегін кеңейтуге және сапалы жаңа деңгейге көтеруге ниет білдірді.

Дөңгелек үстел аяқталғаннан кейін қазақстандық және белорус студенттердің қатысуымен мерекелік концерт және ұлттық тағамдар фестивалі өтті. Қонақтар екі елдің дәстүрлі тағамдарынан дәм татты.