Минск, 2022 жылғы 12 сәуір – Қазақстан Республикасының Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Беларусь мемлекеттік аграрлық техникалық университетінде (БМАТУ) Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінің бірінші хатшысы Манар Үсенова аталған университеттің ректоры Николай Романюкпен және Біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау институтының директоры Николай Яковчикпен кездесті.
Басқосу барысында тараптар Қазақстан мен Беларусьтің жоғары білім беру мекемелері арасындағы серіктестік байланыстарды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
«БМАТУ және Қазақстан Республикасының аграрлық бағыттағы білім беру, ғылыми мекемелері мен ұйымдары арасындағы ынтымақтастығы» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға БМАТУ ректоры Н.Романюк, Біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау институтының директоры Н.Яковчик, Халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы М.Гурнович және осы университетте «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтіп жүрген Қазақстанның жоғары оқу орындарының докторанттары қатысты. Сондай-ақ, сұхбатқа бейнеконференция форматында 2020 және 2021 жылдары БМАТУ-да оқыған қазақстандық докторанттар қосылды.
Кездесу барысында тараптар екі ел докторанттары үшін ғылыми зерттеу тақырыптары бойынша ізденіс жүргізу кезінде бірлескен тағылымдамаларды ұйымдастырудың маңыздылығы мен практикалық нәтижелілігін атап өтті.
Тағылымдама бағдарламасы қазақстандық аспиранттардың жетекші белорус кәсіпорындарына бару және дәріс алуын, екі ел ғалымдарының ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауын қамтиды. Бұл ретте қазақстандық ғалымдардың ғылыми еңбектеріне жеке қолдау көрсетіледі.
Биылғы жылы Біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау институтында «Болашақ» бағдарламасы бойынша 6 қазақстандық докторант тағылымдамадан өтеді.
М.Үсенова оқу орнымен танысты, ауыл шаруашылығы техникасының көрме павильоны мен Біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтында болды.
Кездесу соңында тараптар өзара пікір алмасып, қызықтырған мәселелерді талқылады.