Қазақстан мен Беларусь өнеркәсіптік кооперацияны дамытудың ағымдағы мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Беларусь өнеркәсіптік кооперацияны дамытудың ағымдағы мәселелерін талқылады

Минск, 2022 жылғы 6 сәуір - Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Бейсенбаев Беларусь Республикасының Өнеркәсіп Министрі Петр Пархомчикпен жұмыс кездесу өткізді.

Басқосу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың, өнеркәсіптік кооперацияның ағымдағы жағдайын және оларды одан әрі дамытудың перспективалық бағыттарын талқылады.

Сұхбаттасушылар 2021 жылғы өзара тауар айналымының айтарлықтай өсіміне, оның ішінде Беларусь нарығына қазақстандық өнімдердің экспортына қанағаттанушылық білдірді және қалыптасқан серпінді сақтау мен арттыруға өзара мүдделі екендерін растады.

А.Бейсенбаев пен П.Пархомчик осы саладағы екіжақты ынтымақтастықтың әртүрлі бағыттарын дамытуға мүмкіндік беретін екі елдің жоғары өнеркәсіптік әлеуетін атап өтті.

Кездесу барысында А.Бейсенбаев сұхбаттасушысын Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауының негізгі ережелері туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

Елші Жолдаудың мәні іс-жүзінде Қазақстанда жақын болашақта іске асырылатын саяси реформалардың ауқымды бағдарламасы мен маңызды әлеуметтік -экономикалық өзгерістерден тұратынын атап өтті.

А.Бейсенбаев Жаңа Қазақстанның саяси реформалар бағдарламасы туралы айта келе, сайлау жүйесі мен сайлау процесін жетілдіру, партия жүйесін одан әрі дамыту мәселелері бойынша түсініктеме берді.