Минск, 2022 жылғы 18 қаңтар – ТМД штаб-пәтерінде 2022 жылы Қазақстан Республикасының төрағалығымен Достастықтың жарғылық және басқа да органдары жанындағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Тұрақты өкілетті өкілдері кеңесінің бірінші отырысы өтті.
Отырысқа ТМД– ға қатысушы мемлекеттердің өкілдері, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы С.Лебедев (бейнеконференция байланысы арқылы), оның орынбасарлары, ТМД Атқарушы Комитеті департаменттерінің директорлары мен қызметкерлері қатысты.
Отырысты аша отырып, Достастықтың жарғылық және басқа да органдары жанындағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Тұрақты өкілетті өкілдері кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Бейсенбаев бірінші кезекте белорус тарапқа Беларусь Республикасының 2021 жылы Достастыққа төрағалық етуі барысындағы белсенді және кәсіби жұмысы үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ол пандемияға байланысты қиын жағдайларға қарамастан, Беларусь бұл абыройлы миссияны лайықты орындады және бұған сөзсіз ТМД-ның жарғылық және басқа органдары жанындағы Беларусь Республикасының Тұрақты өкілетті өкілі Марина Долгополованың зор еңбегі бар екенін атап өтті.
Кездесуде тұрақты өкілетті өкілдер 8 сәуірде Душанбеде өтетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы күн тәртібінің жобасын талқылады. Министрлер Кеңесінің күн тәртібінің түпкілікті жобасы ақпан айында Тұрақты өкілдер кеңесінің келесі отырысында қалыптастырылады деп шешілді.
Сондай–ақ тұрақты өкілдер Достастықтың жарғылық және басқа да органдары жанындағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Тұрақты өкілетті өкілдері кеңесінің 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті.
Түрікменстанның Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Түркіменстанның ТМД Жарғылық және басқа да органдары жанындағы Тұрақты өкілетті өкілі Назарұлы Шакулыев 2021 жылғы 11 желтоқсанда Ашхабадта өткен «Бейбітшілік пен сенім саясаты – халықаралық қауіпсіздіктің, тұрақтылық пен дамудың негізі» халықаралық конференциясы туралы ақпаратпен бөлісті. Ол қатысушыларды форумның қорытынды құжатымен таныстырды.
Достастықтың жарғылық және басқа да органдары жанындағы Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Тұрақты өкілетті өкілдері кеңесінің келесі отырысы 2022 жылғы 15 ақпанда өтеді деп жоспарлануда.