Минск, 2021 жылғы 21 қарашада - «Лістопад» Минск халықаралық кинофестивалі аясында қазақстандық кино күндері басталды.
21 қарашада «Центральный» кинотеатрында «Томирис» көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Фильм басталар алдында көрермендерді режиссер Ақан Сатаев пен басты рөлді сомдаған Альмира Тұрсын қарсы алды.
Бұл тарихи фильм көшпелі тайпаларды біріктіріп, ұлы даланы парсы патшасы Кирден қорғап қалған ұлы сақ патшайымы - жауынгер Томиристің өміріне арналады және Геродоттың нұсқасы бойынша түсірілген.
Фильм Беларусьте жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттердің, қандастар мен отандастардың және Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Әзербайжан сол сияқты т.б. елдерінен келген көрермендердің қызығушылығын тудырды.
Фильм аяқталғаннан кейін көрермендер түсірілім процесі, ұрыс көріністері, каскадерлік трюктер, анимация және саундтрекке қатысты түрлі сұрақтарына жауап ала алды. Фильм орыс тіліндегі нұсқада ұсынылғанмен, көрермендердің назарын массагет пен парсылардың кейіпкерлері, ежелгі түрік және парсы тілдер қызықтырды. Сонымен бірге талқылаудың бас бөлігі Томирис патшайымның жеке өміріне және оның сахналық бейнесін жасаудың күрделігіне, көшпелі халықтар арасындағы әйелдердің рөліне арналды.
Қазақстан Үкіметінің қолдауымен түсірілген «Томирис» фильмі 2020 жылғы L'Étrange француз кинофестивалінде модерн жанры үшін жоғары сыйлыққа ие болды.
22 қарашада «Беларусь» кинотеатрында көрсетілетін «Әміре» көркем фильмі көрермендерді ХІХ ғасырға жетелейді. Кинотаспа атауы алғаш рет еуропалық көрермендерге қазақтың ішекті аспабы – домбыраның дыбысталуын алғаш рет паш еткен және Парижде өткен ЭКСПО - 1925 аясындағы бүкіләлемдік музыкалық байқауда өнер көрсетіп, әлемдік аудиторияны қазақ халқының вокалдық-орындаушылық өнерімен таныстырған Әміре Қашаубаевтың есімімен аталады. КСРО делегациясы атынан қатысқан 36 жастағы әнші еуропалық көрермендер арасында үлкен әсер туғызып, күміс медалін жеңіп алды.
Әміре Қашаубаевтың өмірі құпия түрінде сақталынып келді және кенеттен ерте үзілді. Қазақ музыкантының драмалық тағдыры қазақстандық әртіс Санжар Мәди мен фильмді түсірген американдық продюсер және режиссер Джефф Веспаны қызықтырды. Фильмде басты рөлді Санжар Мәди және қосымша рөлдерді австралиялық актриса Эбби Корниш, ағылшын актері Бен Элдридж және сол сияқты т.б. шетелдік актерлер ойнады.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы және «Darplay» компаниясы бірлесіп түсірген «Әміре» фильмі бірқатар халықаралық сыйлықтарға ие болды, оның ішінде АҚШ-тың Ричмонд қаласында өткен Халықаралық фестивальде «Үздік баянды кино» және «Үздік актер» номинациялары бойынша екі марапатқа ие болды. 2018 жылғы «Hollywood Film Festival» халықаралық кинофестивалінің байқауында Silver Screen Award жүлдесінің иегері атанды.
23 қарашада «Центральный» кинотеатрында «Лiстопад» Минск халықаралық кинофестивалі аясында өтетін байқауға қатысатын режиссер Айжан Қасымбектің «Огонь» қазақстандық фильмі көрсетіледі.
Бұл фильм кинофестиваль байқауына қатысатын 13 фильммен бәсекелеседі. 21-26 қараша аралығында өтетін «Лістопад» кинофестивалінің бағдарламасына әлемнің 45 елінен 100-ден астам түрлі жанрдағы фильмдер енген.