Елшілікте Могилевтен табылған қызыл армия жауынгері Иван Карповичтің «Ерлігі үшін» медалін Қазақстандағы ұрпақтарына жеткізу үшін табыс ету рәсімі өтті

Елшілікте Могилевтен табылған қызыл армия жауынгері Иван Карповичтің «Ерлігі үшін» медалін Қазақстандағы ұрпақтарына  жеткізу үшін табыс ету рәсімі өтті

Минск, 2021 жылғы 4 қараша -  Қазақстан Республикасының  Беларусь Республикасындағы Елшілігінде Могилев облысының іздестіру жасағының көмегімен табылған  қызыл армия жауынгері Иван Карповичтің «Ерлігі үшін» медалін оның отбасына жеткізу үшін табыс ету рәсімі өтті.

Іздестіру жасағы 2802103 нөмірлі «Ерлігі үшін» медалінің иесін анықтау мақсатында аталған медальді Могилев тарихы мұражайына тапсырды. Мұражай қызметкерлері Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына сұрау салды. Нәтижесінде бұл медаль 104-ші атқыштар дивизиясының 273-ші атқыштар полкінің қызыл әскеріне, Беларусьтің Брест облысының Ляховичи ауданының тумасы, 1918 жылы туған Иван Борисович Карповичке тиесілі екені анықталды және соғыстан кейін И.Карпович Қазақстанға қоныс аударғаны туралы белгілі болды.

Волонтерлік іздестіру халықаралық қоғамдастығы қазақстандық ұйымдарының қатысуымен майдангердің туыстарын іздестіру бойынша жұмыстар жүргізілді, нәтижесінде батырдың ұрпақтары әлі күнге дейін Талғар қаласында тұрады деп анықталды.

Могилев қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Алла Галушконың Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігіне табысталатын трофейге жолдаған ілеспе хатында: «Ерлігі үшін» медаль кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы ерлігінің баға жетпес дәлелі болып табылады және жеңімпаз халықтың ұлы ерлігін есте сақтау үшін оның ұрпақтарына берілуі тиіс» - деп баяндалған.

Медальді қазақстандық дипломаттарға ресми тапсыру рәсімі барысында музейдің аға ғылыми қызметкері Елена Марзалюк: «Иван Борисович Карпович 1940 жылы қызыл әскерге шақырылды, 1941 жылы жаудың жоғары күштерімен болған шайқаста көрсеткен батылдығы мен зор ерлігі үшін жоғары жауынгерлік наградаға ие болды» - деп атап өтті.

Мұражай қызметкерінің хабарлауынша Могилев аумағында әскери жерлеу орындарын іздеумен, қайтыс болғандардың аттарын анықтаумен айналысатын бірнеше іздестіру еріктілер тобы бар екен. Іздестіру жұмыстардың нәтижесінде Ұлы Отан соғысының жүздеген жауынгерлерінің есімдері және олардың қайтыс болған жерлері анықталды, олардың күлі қайта көмілді, батырлардың туыстары ақпараттандырылды, тиісті ақпарат мемлекеттік мұрағаттарға берілді.

«2021 жылғы 12 қазанда іздестіру жұмыстардың нәтижесінде И.Карповичке тиесілі «Ерлігі үшін» медаль табылды және бұл марапат Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінің көмегімен жақын арада Талғарда тұратын батырдың немересі Светланаға табыс етіледі» - деді Е.Марзалюк.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Беларусь Республикасындағы әскери атташесі Серік Жақыпов медальді табыс ету рәсімінде: «Ұлы Отан соғысы туралы көп жылғы ортақ естелік, қанды шайқас алаңдарынан оралмаған батырларға алғыс, тірі қалғандардың ерлігіне тағзым – бұл қуатты байланыс және Қазақстан мен Беларусь халықтары арасындағы мызғымас достастықтың сарқылмас қайнар көзі» - деп өз сөзін аяқтады.