
Минск, 2021 жылғы 25-26 тамыз – Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.А.Өскенбаев бастаған қазақстандық делегация Беларусь Республикасына ресми сапармен келді.
Сапар барысында Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшісі А.А.Бейсенбаевтың қатысуымен Беларусь Республикасының Сәулет және құрылыс Министрі Р.В.Пархамовичпен және «Беллесбумпром», «Ивацевичдев» ААҚ, «МАПИД» ААҚ, «Беллесизделие» ҚДО, «Керамин» ААҚ және «Softform» сияқты Беларусь елінің жетекші компанияларының басшыларымен кездесулер өтті.
Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, 2021 жылғы шілде айында Нұр-сұлтан қаласында өткен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ұ.Маминнің Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Р.А.Головченкомен кездесу қорытындысы бойынша қол жеткізген уағдаластықтың іске асырылу барысы қаралды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағында қыш өнімдерін дайындау бойынша бірлескен өндірістерді ұйымдастыру және кеңейту жолдары талқыланды.