Минск, 2021 жылдың 27-29 тамыз аралығында - ТМД Атқарушы комитетінің ғимаратында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің қолдауымен Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай арнайы көрме ашылды.
Көрменің ашылу салтанатына ТМД қатысушы-мемлекеттерінің өкілдері қатысып, аталған іс-шараны үлкен қызығушылықпен қабылдады.
Қатысушылардың назарына Семей ядролық полигонға қатысты тарихи фотосуреттер мен құжаттар, оның ішінде ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың полигонды жабу туралы Жарлығының көшірмесі ұсынылды. Сонымен қатар полигонның жабылу тарихы мен Қазақстанның халықаралық аренадағы ядролық қаруды таратпау бағытындағы күш-жігері және жетістіктері туралы сирек бейнематериалдар бар бейнеролик көрсетілді.
Қазақстан әлем бойынша ядролық сынақ полигонды жапқан алғашқы мемлекет болды және бұл теңдесі жоқ іс-әрекеттің нәтижесінде БҰҰ Бас Ассамблея 29 тамызды - Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады.