Қазақстанның Мексикадағы Елшілігі 2026 жылғы 17 қыркүйекте федералдық және жергілікті мемлекеттік органдардың, іскерлік қауымдастық пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне Қазақстанның инвестициялық және экономикалық мүмкіндіктерінің таныстырылымын өткізді. Іс-шара шетелдік дипломатиялық миссиялар қызметкерлерінің де қызығушылығын тудырды.
Қазақстан Мексика жұртшылығына әлі де жете таныла қоймаған мемлекет. Біздің елімізбен танысу көбіне халықаралық деңгейде танылған қазақстандық өнер және спорт қайраткерлері арқылы жүзеге асады. Атап айтқанда, Мексикада Димаш Құдайбергеннің қараша айында өтетін концерттері үлкен ықыласпен күтілуде.
Осы тұрғыда Елші Алмұрат Тұрғанбеков отандық әншінің алдағы концертіне орай жоспарланған іс-шараларды ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін Мексика Парламенті Депутаттар палатасындағы Достық тобының жетекшісі Марибель Мартинес Руиске ризашылығын білдірді.
Мәселен, кәсіпқой бокстың әлемдік жұлдызы Геннадий “GGG” Головкин Мексикада үлкен танымалдыққа ие. Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның таланты да көптеген жанкүйерлердің ықыласына бөленуде.
Таныстырылым аясында Елшілік іс-шара қонақтарына “Ұлы Дала” мұрагері саналатын Қазақстанның тарихы тереңнен тамыр тартатын маңызды мемлекет екені туралы ақпарат берді.
Еліміз ішкі саяси құрылымды жетілдіруге, экономиканы жаңғыртуға және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған сындарлы саясат жүргізіп келеді.
Атап айтқанда, қатысушылар елдің жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты жүзеге асырылған саяси реформалардың негізгі қырларымен таныстырылды.
Сонымен қатар Қазақстан аумағы арқылы өтетін негізгі әлемдік дәліздер үшін көлік инфрақұрылымын дамыту, цифрландыруды одан әрі ілгерілету, түрлі салаларға жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ жаңа «ақылды қала» – “Alatau City”-ді салу жөніндегі маңызды ұлттық жобалар таныстырылды.
Соңғы жылдары Мексикамен, сондай-ақ Солтүстік және Оңтүстік Американың өзге де елдерімен сауда-экономикалық байланыстардың даму серпіні географиялық қашықтықтың өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге айтарлықтай кедергі келтірмейтінін көрсетті. Қазіргі әлемде жаңа мүмкіндіктерді іздеу, әсіресе дәстүрлі жеткізу тізбектері үзіліп жатқан жағдайда, тұрақтылық пен бәсекеге қабілеттілікті сақтаудың басты шарттарының біріне айналып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанмен жан-жақты байланыстарды кеңейту қосымша мүмкіндіктерге жол ашады.
Ресми және іскер топтардың өкілдері ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді. Мексикада электрондық үкімет қызметтері саласындағы қазақстандық технологияларды енгізу әлеуеті, сондай-ақ екіжақты сауданы ұлғайту мүмкіндіктері ерекше назар аудартты. Мексикалық кәсіпкерлер Қазақстанға жергілікті кофе сорттары мен авокадо жеткізудің әлеуетін көріп отыр.
Екінші жағынан, қазақстандық астықты Латын Америкасы елдеріне экспорттау бағытына да белгілі бір үміт артылуда.
Таныстырылым қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстанмен бірқатар нақты жобаларды одан әрі пысықтауға алды.
19 мамырда Астана қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Тәуелсіздік сарайында «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтті.
Алтын Орда Қазақ хандығының тарихи бастауы болған және қазақ халқының қалыптасуында шешуші рөл атқарған мемлекет ретінде Қазақстан тарихында ерекше орын алады. Дәл Алтын Орда дәуірінде түркі-мұсылман өркениеттік кеңістігі қалыптасып, мемлекеттілік, сауда, мәдениет және дипломатия дамыды.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи жадты сақтаудың және ұлттық тарихты терең зерделеудің маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Алтын Орданың нышандары мен дәстүрлері қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінде де көрініс табуда. Атап айтқанда, Президент резиденциясының «Ақорда» атауы Жошы ұлысы билеушілерінің ордасымен тарихи тұрғыда байланысты болса, ұлттық валюта – «теңге» атауы Алтын Орда дәуіріндегі ақша айналымынан бастау алады.
Мемлекет басшысы симпозиумда сөйлеген сөзінде бірқатар қызықты тарихи деректерге тоқталды.
«Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумда.
Мемлекет басшысының айтуынша, Алтын Орда Батыс пен Шығысты байланыстырған саяси құрылымға айналды, сондықтан оның тарихы көптеген іргелі ғылыми зерттеулердің нысаны болып қала береді.
Президент сол дәуірдегі көптеген мемлекеттерден айырмашылығы, Алтын Орда даму барысында стратегиялық ашықтық қағидатын ұстанғанын, бұл оның қалаларының келбетінен де көрініс тапқанын атап өтті.
«Ұлыс гүлденіп тұрған заманда қалаларды биік қамалмен қоршап, тұйықтау болған жоқ. Әр қала қарқынды сауда орталығы ретінде адамдардың еркін қозғалысына бейімделіп, дамыды. Бұл тәжірибе дала мен қала арасында қақтығыстар толастамады деген аңыз әңгімелерді түбегейлі жоққа шығарады. Керісінше, осы байланыстар орта ғасырдағы ең оңтайлы мемлекеттілік үлгісінің негізін қалады», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Алтын Орда тақырыбы өзектілігін жоғалтпайтынын және ұлттық тарих үшін ғана емес, әлемдік тарих ғылымы үшін де ерекше маңызға ие екенін айтты. Осыған байланысты Қазақстан халықаралық ғылыми қауымдастықпен бірлесіп, осы кезеңді жүйелі әрі жан-жақты зерттеуді жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
«Симпозиум Алтын Орда мен Ұлы дала тарихын зерделейтін түрлі мектеп өкілдерінің басын қосып отыр. Бұл – өте маңызды. Ұзақ жылдар бойы осы іргелі тақырыпты індете зерттеген ресейлік ғалымдардың рөлін атап өткен әділетті болар еді. Олар Алтын Орданың тыныс-тіршілігін жан-жақты сипаттайтын ғылымның мол қорын жинады. Сонымен қатар Алтын Орда тақырыбы бір ғана мемлекеттің шеңберінде шектеліп қалмай, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан, Мысыр және бірқатар Еуропа елдері зерттеушілерінің назарын аударып, бүкіл әлемді шарлап кетті десек болады», – деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы симпозиумды өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасын қолдағаны үшін ЮНЕСКО ұйымына алғыс білдірді.
The Regional Ecological Summit 2026 (RES 2026) was initiated by the President of the Republic of Kazakhstan, Kassym-Jomart Tokayev, during the 78th session of the UN General Assembly in September 2023.
At the Astana International Forum in May 2025, it was announced that the Summit’s agenda would be expanded from a climate-focused framework to a broader environmental scope.
RES 2026 aims to bring together the countries of Central Asia — working in partnership with the United Nations and other international organizations—to develop shared solutions to climate change and broader environmental challenges. The Summit will place particular emphasis on identifying the region’s concrete green-financing needs to support adaptation measures, accelerate the deployment of low-carbon technologies, and strengthen environmental resilience across Central Asia.
Мехико, 2026 жылғы 11 наурыз – Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрганбеков Латын Америкасы және Кариб бассейнінде ядролық қаруға тыйым салу агенттігі (ОПАНАЛ) штаб-пәтеріне барып, ұйымның жаңадан сайланған Бас хатшысы Хуан Карлос Охедамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт (ОАЯҚТШ) төрағасы ретінде ОПАНАЛ-мен көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Елші А.Тұрғанбеков ядролық қарудан азат әлем қалыптастыруға бағытталған бастамаларды ілгерілетуде ОПАНАЛ-дың маңызды рөлін атап өтіп, ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы қазақстандық бастамаларды тұрақты қолдағаны үшін ұйым Хатшылығына ризашылығын білдірді. Осы тұрғыда 2024 жылғы желтоқсанда ОПАНАЛ мен ОАЯҚТШ арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуының маңыздылығы атап өтілді.
Өз кезегінде Бас хатшы Х.Охеда Астананың Орталық Азияда да, жаһандық деңгейде де ядролық қарудан азат күн тәртібін дәйекті түрде ілгерілетуге қосқан үлесі мен күш-жігерін жоғары бағалады. Ол қазақ тарапты ұйымның ағымдағы қызметі туралы хабардар етіп, ОПАНАЛ мен ОАЯҚААШ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде бірқатар ұсыныстарын таныстырды.
Тараптар ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы өзара іс-қимылды таратпау және қарусыздану салаларында одан әрі нығайтуға өзара мүдделілік танытатынын растады.
Сұхбат барысында А.Тұрғанбеков Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына да назар аударып, осыған байланысты ядролық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді азайту мақсатында халықаралық күш-жігерді одан әрі шоғырландырудың қажеттігін баса айтты.
Қазақстандық дипломат сондай-ақ сұхбаттасушысын Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық және саяси реформалардың негізгі бағыттарымен таныстырып, 2026 жылғы 15 наурызда елде Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өтетінін атап өтті. Аталған реформалар Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев жүзеге асырып отырған дәйекті саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру үдерістерінің жалғасы екені айтылды.
Бұдан бөлек, А.Тұрғанбеков алдағы уақытта Қазақстанда өтетін ауқымды халықаралық іс-шара – 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммит туралы хабарлады. Бұл саммит Орталық Азия елдерінің күш-жігерін БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдармен серіктестікте біріктіріп, ортақ экологиялық шешімдер әзірлеуге бағытталған.
Х.Охеда Қазақстандағы қазіргі оқиғалардан хабардар екенін атап өтіп, аталған іс-шараға қатысуға қызығушылық білдірді.
Кездесу соңында тараптар тұрақты диалогты жалғастырып, Қазақстан мен ОПАНАЛ арасындағы ядролық қаруды таратпау саласындағы әріптестікті одан әрі нығайту бағытындағы жұмысты жалғастыруға өзара ниет білдірді.
Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшілігі мен Мексика Парламенті Депутаттар палатасындағы Достық тобы 2026 жылға арналған ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі Іс-қимыл жоспарына қол қойды.
Аталған құжат өзара іс-қимылды жандандыру аясында бірқатар мәселелерді қамтиды, оның ішінде саяси және парламентаралық диалогты дамыту, экономикалық және мәдени дипломатия, технологиялар, инновациялар және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастық, орнықты даму және басқа да бағыттар бар.
Нақты қадамдардың бірі ретінде парламентшілердің өзара сапар алмасуын ұйымдастыру ниеті көзделген. Мексикалық заң шығарушылар Қазақстанда конституциялық реформа қабылданған жағдайда өтетін ықтимал парламенттік сайлауға қызығушылық танытты.
Қазақстан Парламентімен өзара жұмыс аясында жасанды интеллект саласындағы заңнаманы әзірлеу және қабылдау жөніндегі қазақстандық тәжірибені зерделеуге қызығушылық білдірілді.
Тараптардың бірлескен күш-жігерін қажет ететін тағы бір маңызды бағыт – елімізде Мексиканың Елшілігін ашу мәселесі.
Мексикалық парламентшілер Мексика Депутаттар палатасының қабырғасында Наурыз мейрамын атап өтуді ұйымдастыруда Елшілікке қолдау көрсетуге дайын.
Сонымен қатар, Мехико қаласындағы түрлі жоғары оқу орындарының студенттері алдында Қазақстан тақырыбында бірлескен дәрістер мен кездесулер өткізу шаралары жоспарланған.
Мехико, 2026 жылғы 19 ақпан – Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрғанбеков пен Мексика Сыртқы істер министрлігінің Африка, Орталық Азия және Таяу Шығыс жөніндегі Бас директоры Анибал Гомес Толедо арасында кездесу өтті.
Келіссөздер барысында тараптар пікір алмасып, 2026 жылға арналған екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыруға қатысты мәселелерді ортаға салды. Екіжақты диалогтың жүйелі дамуы және оны одан әрі тереңдетуге тараптардың мүдделілігі атап өтілді.
Құрметті консулдар институтын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. А.Тұрғанбеков Қазақстан Елшілігі аталған тетікті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырғанын атап өтіп, оны сауда-экономикалық, гуманитарлық және өңірлік ынтымақтастықты жандандырудың тиімді құралы ретінде қарастыратынын жеткізді.
Тараптар парламентаралық өзара іс-қимылдың жандануын, соның ішінде 2025 жылы екі ел парламенттерінде «Қазақстан – Мексика» достық топтарының құрылуын және олардың арасында алғашқы онлайн-кездесудің өткізілуін жоғары бағалады.
Елші А.Тұрғанбеков Қазақстандағы конституциялық және саяси реформалардың негізгі ережелерін таныстырды. Ол конституциялық өзгерістердің мазмұны мен Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы туралы жан-жақты ақпарат беріп, 2026 жылғы 15 наурызда елімізде Ата заңға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өтетінін хабардар етті. Аталған реформалар жаңа геосаяси шынайылықтарды ескеріп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан жүйелі саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулардың жалғасы екені баса айтылды.
Өз кезегінде А.Гомес Толедо мексикалық тарап Қазақстанда болып жатқан үдерістерді мұқият бақылап отырғанын және жүргізіліп жатқан реформалардың тәжірибесіне қызығушылық танытатынын атап өтті. Осыған байланысты, ол референдум кезінде халықаралық байқаушылардың жұмысын ұйымдастыру тәртібі және мексикалық тараптың қатысу мүмкіндігі туралы қызығушылық білдірді.
Елші Қазақстанның халықаралық байқауға ашық екенін растап, тиісті рәсімдер жөнінде мексикалық тарапқа қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сыртқы саяси ведомстволар желісі бойынша үйлестіруді жалғастыруға және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған практикалық қадамдарды пысықтауға уағдаласты.
Мехико, 2026 жылғы 11 ақпан - Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшілігінде Халықаралық қатынастар факультеттерінің Мексика қауымдастығының (Asociación Mexicana de Estudios Internacionales - AMEI) өкілдері үшін брифинг өтті. Брифинг барысында Қазақстандағы конституциялық және саяси реформалардың негізгі тұстары туралы түсініктеме берілді. AMEI Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі ең ірі қауымдастықтардың бірі.
Елші Алмұрат Тұрғанбеков Қазақстан жаңа Конституциясының жобаcын егжей-тегжейлі таныстырып, 2026 жылдың 15 наурызда Қазақстан Республикасының Негізгі заңын қабылдау туралы жалпыұлттық референдум өтетіндігін хабарлады.
Аталған ақпарат AMEI құрамындағы профессорлар мен шақырылған жергілікті БАҚ өкілдерінде үлкен қызығушылық туғызды. Қазақстанның ғаламдық әлемдік тәртіптегі өзгерістер аясында жан-жақты және прогрессивті жаңғырту жолында тұрғаны атап өтілді.
Жақын арада қауымдастықтың арнайы подкаст және сұхбат циклі шеңберінде Қазақстандағы үдерістерді неғұрлым егжей-тегжейлі жариялау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар, Қазақстан Елшілігі Мексиканың әртүрлі жоғары оқу орындарының студенттері үшін бірнеше дәріс дайындауда.
Сонымен бірге, дипломатиялық қауымдастық пен AMEI арасындағы ынтымақтастықтың жаңа беті ашылды. Атап айтқанда, Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылып, дипломатиялық корпус болашақ мексикалық халықаралық қатынастар мамандарымен байланыстарын жандандырады.
Мехико, 2026 жылғы 10 ақпан – «Қазақстан – Мексика» парламенттік достық топтарының 2025 жылғы қарашадағы алғашқы онлайн-кездесуінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрғанбековтің мексикалық достық тобының төрайымы, депутат Марибель Мартинес Руиспен жұмыс кездесуі өтті.
Келіссөздер барысында қазақ-мексика ынтымақтастығының қазіргі деңгейі талқыланып, 2026 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары келісілді. Сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, саяси және мәдени диалогты дамытуға, сондай-ақ парламентаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде М.Мартинес Руис 2025 жылы екі елдің парламенттерінде «Қазақстан – Мексика» достық топтарының құрылуы екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
А.Тұрғанбеков Қазақстан мен Мексика арасындағы қатынастардың бірізді дамуын атап өтіп, бірлескен бастамаларды ілгерілетудің тиімді құралы ретінде парламентаралық байланыстарды жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, Елші Қазақстандағы конституциялық реформаның қазіргі барысы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға, институттарды нығайтуға және орнықты экономиканы қалыптастыруға бағытталған саясаты туралы жеке ақпарат берді.
Бұдан бөлек, мексикалық тарапқа Қазақстанның цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту саласындағы стратегиясы таныстырылды. Елшінің айтуынша, 2026 жыл елде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланып, оның негізгі басымдықтары еңбек өнімділігін арттыру, экспортқа бағдарланған салаларды қалыптастыру және Қазақстанды цифрлық экономиканың жаһандық тізбектеріне интеграциялау кезеңі болмақ.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы іс-қимыл жоспары жөнінде практикалық ұсынымдар әзірлеуге және тұрақты байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.
Мехико, 2026 жылғы 28 қаңтар – Мексиканың астанасында Түркі тілдерінің Дүниежүзілік күніне арналған конференция өтті. Аталған шара Мексикадағы Юнус Эмре институтының ұйымдастыруымен, Қазақстан, Түркия және Әзербайжанның дипломатиялық өкілдіктерінің қатысуымен өткізілді.
Іс-шарада өз ана тілдерінде Қазақстан Республикасының Мексикадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алмұрат Тұрғанбеков, сондай-ақ Түркия Республикасы мен Әзербайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшілері – Мурат Салим Есенли мен Сеймур Фаталиев, құттықтау сөз сөйледі.
Өз сөзінде Қазақстан Елшісі А.Тұрғанбеков түркі тілдері бауырлас халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі әрі олардың төл болмысы мен рухани бірегейлігін сақтаудың маңызды факторы екенін баса айтты.
А.Тұрғанбеков түркі мемлекеттері арасындағы гуманитарлық және мәдени ынтымақтастықтың артып келе жатқан рөліне, сондай-ақ түркі тілдері мен мәдениетін сақтау және ілгерілету жөніндегі негізгі алаң ретінде Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) қызметіне ерекше назар аударды. Елші Қазақстанның ТМҰ аясындағы бастамаларды іске асыруға қосып отырған белсенді үлесін, соның ішінде түркі әлемінің Латын Америкасы елдерімен халықаралық диалогын кеңейтуге бағытталған қадамдарын атап өтті.
Іс-шара аясында профессор, ғылым докторы Мехмет Неджати Кутлу түркі тілдерінің дамуы мен өзара байланысына арналған дәріс оқыды. Дәріс барысында профессор түркі тілдерінің қалыптасу тарихына, олардың алғашқы түркі жазба дәстүрінің негізін құраған орхон-енисей жазба ескерткіштерінің тамыр алған барып тірелетін прототүркілік тілдерге жан-жақты тоқталды.
Сонымен қатар, профессор М.Неджати Кутлу 15 желтоқсанда атап өтілетін Түркі тілдерінің дүниежүзілік күнінің маңыздылығына назар аударды. Аталған күнді белгілеу туралы шешім 2025 жылғы қараша айында Самарқанд қаласында өткен ЮНЕСКО Бас конференциясында қабылданды. Профессор бұл бастама түркі әлемінің тілдік және рухани бірлігін нығайтуға, сондай-ақ түркі елдері халықтарының өзара қарым-қатынасын кеңейтуге және олардың мәдени тұрғыдан ықпалдасуына қолайлы жағдай жасауға ықпал ететінін ерекше атап өтті.
Мехико, 2026 жылғы 20 қаңтар – Қазақстан Республикасының Мексика Құрама Штаттарындағы Елшілігінде Қазақстанның Мехико қаласындағы Құрметті консулдығын ашу рәсімі салтанатты түрде өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Елшілігі, Қазақстанның Мехикодағы Құрметті консулы К.Баррера, Мексика Сыртқы істер министрлігінің Африка, Орталық Азия және Таяу Шығыс жөніндегі Бас директоры А.Гомес Толедо, Бас Конгресі Депутаттар палатасының депутаты және «Қазақстан-Мексика» парламенттік достық тобының төрайымы М.Мартинес Руис, Мексика Экономика министрлігінің, Мехико қаласының «Мигель Идальго» аудандық әкімдігінің өкілдері, Мексиканың Ұлттық өңдеуші өнеркәсіп палатасына (CANACINTRA) мүше іскер топтар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсім Қазақстан мен Мексиканың мемлекеттік әнұрандарының орындалуымен басталды. Іс-шараны құттықтау сөзімен ашып, Қазақстан Республикасының Елшілігінің кеңесшісі Е.Құбашев еліміздің қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен елде жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалар туралы баяндады.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Мексика Сыртқы істер министрлігіне К.Баррераның кандидатурасын қолдап, тағайындағаны үшін алғыс білдіріп, оның екі ел арасындағы байланыстарын дамытуға қосып отырған елеулі үлесін және Елшілікпен тығыз өзара іс-қимылын атап өтті.
Іс-шара барысында Құрметті консулдықтың ашылуы Қазақстан-Мексика қатынастарын дамытудағы маңызды кезең екені атап өтілді. Құрметті консулдар институты халықаралық байланыстарды кеңейту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында тиімді құрал ретінде өзін жақсы қырынан көрсетті.
Мексика Сыртқы істер министрлігінің Бас директоры А.Гомес Толедо екіжақты қатынастардың жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстан мен Мексика арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толуымен құттықтады. Ол сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы Мексика үшін маңызды әрі сенімді серіктесі екенін айқындап, Мексикаға келетін қазақстандық туристер санының артып келе жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл өзара сенімнің нығаюын және халықтар арасындағы байланыстардың кеңеюін көрсетеді.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасының Мехико қаласындағы Құрметті консулы болып тағайындалған К.Баррера қазақстандық тарапқа, сондай-ақ Мексика Үкіметі мен Сыртқы істер министрлігіне көрсетілген жоғары сенім үшін алғыс білдірді. Ол сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты қоса алғанда, екіжақты байланыстарды дамытуға, сондай-ақ екі ел кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды ілгерілетуге барынша жәрдемдесуге дайын екенін жеткізді.
Рәсім қорытындысы бойынша К.Баррераға Мексика Сыртқы істер министрлігі берген Құрметті консулдың ресми куәлігі табысталды.
Қазақстан Республикасының Мехико қаласындағы Құрметті консулы болып тағайындалған К.Баррера – мексикалық кәсіпкер, Мексиканың Ұлттық өңдеуші өнеркәсіп палатасының (CANACINTRA) өнеркәсіп секторы бойынша вице-президенті.
Мехико қаласындағы Қазақстанның Құрметті консулдығы 2018 жылы Халиско және Наярит штаттарын қамтитын консулдық округпен ашылған Гвадалахара қаласындағы Құрметті консулдықтан кейін Мексика аумағындағы Қазақстанның екінші құрметті консулдық мекемесі болып табылады.