
Ү.ж. 5 ақпанда Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрғанбеков пен «CANACINTRA» Ұлттық өңдеу және қайта өңдеу өнеркәсібі палатасының Вице-президенті Карлос Баррера арасында кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Мексика арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады. Екі елдің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика және инновациялық технологиялар сияқты әртүрлі салаларда ықпалдастықты кеңейту аясындағы зор әлеуеті атап өтілді.
Елші А.Тұрғанбеков Қазақстандағы шетелдік компанияларға арналған инвестициялық қолайлы жағдайлар мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елдегі іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында қолға алынған шаралар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ ол мексикалық компанияларды 2025 жылғы 29-30 мамырда өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Өз кезегінде К.Баррера Қазақстанға жұмыс сапарымен баруға дайын екенін және Форумға қатысу үшін мексикалық кәсіпкерлер делегациясын ұйымдастыру ниетін растады. Ол бұл шара екіжақты байланыстарды нығайту және жаңа серіктестер табу үшін тиімді алаң болатынын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Мексика арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету үшін тұрақты байланыстарды қолдауға уағдаласты.