
2024 жылғы 20 тамызда Қазақстанның Мексикадағы Елшісі Тимур Пірімбетов Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде ядролық қаруға тыйым салу ұйымының (ОПАНАЛ) Бас хатшысы Флавио Роберто Бонзанинимен үстіміздегі жылғы 27-28 тамызда Ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және консультациялық тетіктерді жетілдіру жөніндегі семинарға қатысу үшін Қазақстан астанасына ОПАНАЛ-дың жоғары лауазымды делегациясының сапары қарсаңында кездесті.
Ф.Бонзаниниге алдағы семинардың бағдарламасы мен күн тәртібі туралы толық ақпарат берілді.
Сұхбат барысында Қазақстан мен ОПАНАЛ арасындағы ядролық қауіпсіздік және ядролық қаруды таратпау саласындағы одан әрі өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды. Тараптар осы маңызды және өзекті мәселелер бойынша көзқарастар мен ұстанымдардың бірлігін тағы да растады.
Cұхбаттасышылар Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймағы (ОАЯҚАА) мен ОПАНАЛ арасындағы ынтымақтастық туралы көпжақты құжатқа келісу және қол қою жөніндегі рәсімдерді жеделдету қажеттігін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру (БҚХА) туралы бастамасының маңыздылығы мен өзектілігіне назар аударды.
Ф.Бонзанини, өз тарапынан, Ұйымның хатшылығы ОПАНАЛ-ға мүше елдерді Қазақстан көшбасшысының аталған бастамасы туралы белсенді түрде хабардар ететіндігін және болашақта оны ілгерілетуге жан-жақты жәрдем көрсетуге дайын екендігін атап өтті.
Кездесу Қазақстанның Мексикадағы Елшілігінде өтті.