Қазақстан мен Мексика арасындағы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықтың болашағы

Қазақстан мен Мексика арасындағы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықтың болашағы

2024 жылғы 28 мамырда Қазақстанның Мексикадағы Елшілігінде «CANACINTRA» атты Мексикалық Ұлттық қайта өңдеу өнеркәсібі және трансформация палатасының басшылығымен кездесу өтті. Ұлттық палата Мексиканың өнеркәсіптік секторының мүдделерін білдіретін орган болып табылады.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Мексика арасындағы қайта өңдеу өнеркәсібі, энергетика, технологиялар және жасыл экономика секілді салалардағы ынтымақтастықтың перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады.

Елші Т.Пірімбетов мексикалық сұхбаттастарды мемлекет пен қоғамды жаңғыртуға бағытталған Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы хабардар етті. Қазақстандық дипломат Үкіметіміздің бірінші кезектегі міндеті экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіптік әлеуетті нығайту, 6-7 пайыз деңгейінде орнықты экономикалық өсуге қол жеткізу, шетелдік инвестицияларды одан әрі тарту, оның ішінде Еуразия континентінде «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағытында халықаралық көлік дәліздерін дамыту болып табылатынын атап өтті.

«CANACINTRA» Вице-президенті Карлос Альберто Баррера Ромеро, өз кезегінде, Қазақстан мен Мексика арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін атап өтіп, бірлескен жобаларды іске асыруға жоғары қызығушылықты растады. Қазақстандық кәсіпкерлермен байланыстарды жандандыруды жақтады.

Кездесу соңында мексикалық әріптестерге экономиканың түрлі салаларындағы перспективалы қазақстандық жобалар, сондай-ақ Қазақстанда бизнес жүргізу мүмкіндіктері және шетелдік инвесторлар үшін преференциялар туралы ақпараттық-анықтамалық материалдар берілді.

Анықтама: Мексиканың «CANACINTRA» атты Ұлттық қайта өңдеу өнеркәсібі және трансформация палатасы – 1941 жылы құрылған автономды коммерциялық емес ұйым. Қазіргі уақытта Мексиканың 14 штатында 100-ден астам филиалы бар. Штаб-пәтері Мехико қаласында орналасқан . Палата металлургия және химия саласының, қайта өңдеу өнеркәсібінің, медицинаның, ақпараттық технологиялардың және т. б. 1500-ден астам шағын, орта және ірі кәсіпорындарды біріктіреді.