Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің АҚШ-қа сапары

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің АҚШ-қа сапары

2024 жылғы 26 наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Вашингтонға сапары өтті.

Қазақстан СІМ басшысы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен кездесу өткізіп, оның барысында ҚР-АҚШ саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы кеңейтілген стратегиялық серіктестігінің үдемелі дамуын талқылады.

М.Нұртілеу Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының теңдестірілген сипатын атап өтіп, озық америкалық технологияларды тарту, екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту және өзара тиімді сауда қатынастарына қол жеткізу арқылы Қазақстанның көлік-логистикалық, инфрақұрылымдық және сауда-инвестициялық әлеуетін прагматикалық іске асыруға ерекше назар аударды. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 33%-ға артып, 4 млрд АҚШ долларын құрады.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары елдер арасындағы энергетикалық қауіпсіздік, маңызды минералдар, климат, бітімгершілік және т.б. салалардағы ынтымақтастыққа жоғары баға берді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың түбегейлі өзгерістер бағдарламасының дәйекті және жүйелі сипатын құптап, Вашингтонның оларды практикалық іске асыруға жан-жақты жәрдем көрсетуді жалғастыруға дайындығын атап өтті. Э.Блинкен «Америка Құрама Штаттары Қазақстанның көптеген жаһандық мәселелердегі шынайы көшбасшылығын мойындайды» деп атап өтті.

Сонымен бірге, тараптар «C5+1» (Орталық Азия + АҚШ) диалогын кеңейту және өткен жылдың қыркүйек айында Нью-Йорк қаласында өткен осы форматтағы алғашқы саммиттің уағдаластықтарын іске асыру мәселелерін талқылады.

Сол күні М.Нұртілеу АҚШ Сауда өкілі Кэтрин Таймен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында Министр ҚР жаңа Үкіметінің басымдықтары, сауда қатынастарының ағымдағы серпіні және өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.

 

М.Нұртілеу Қазақстан АҚШ-тың сенімді сауда серіктесі екенін атап өтіп, америкалық Сауда өкілін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

К.Тай Қазақстан экономикасының даму қарқынын жоғары бағалап, екіжақты ынтымақтастықты сындарлы тұрғыда қалыптастыруға бейілділігін атап өтті.

Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде еліміздің Құрама Штаттарымен өзара іс-қимылының жоғары деңгейіне, сондай-ақ аталған ұйымға өңір елдерінің кіру бойынша Қазақстанның күш-жігерін қолдауға ерекше назар аударылды.

Тараптар ҚР мен өңірдің транзиттік-көліктік байланысын дамыту бойынша жоғары әлеуетті атап өтті.

Бұдан басқа Қазақстан тарапының бастамасы бойынша Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы Сауда және инвестициялар жөніндегі негіздемелік келісім (TIFA) бойынша кеңестің алдағы отырысын Астана қаласында өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сапар барысында Қазақстанның СІМ басшысы америкалық «Wabtec» компаниясының басшылығымен кездесу өткізіп, оның барысында көлік және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, Қазақстанда компанияның инженерлік орталығын ашу, сондай-ақ «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы бойынша оқитын қазақстандық студенттерге жұмыс тәжірибесін ұсыну перспективалары талқыланды.

Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша құрылымды Қазақстан-Америка диалогын жалғастыруға уағдаласты.