
2024 жылғы 14 ақпанда Қазақстанның Мексикадағы Елшісі Тимур Пірімбетов Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде «Tlatelolco» ядролық қаруға тыйым салу туралы Шартқа қол қойылғандығына 57 жыл толуына орай салтанатты рәсімге қатысты.
Іс-шара Мексиканың Сыртқы істер министрлігінде өткізілді. Онда Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде ядролық қаруға тыйым салу ұйымының (ОПАНАЛ) Бас хатшысы Флавио Роберто Бонзанини, ОПАНАЛ Кеңесінің төрағасы, Гватемаланың Мексикадағы Елшісі Марко Тулио Густаво Чикас Соса және Мексиканың Сыртқы істер министрінің көпжақты ынтымақтастық және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Джоэль Эрнандес Гарсия сөз сөйледі.
Мексика Сыртқы саяси ведомствосының басшысы Алисия Барсена құттықтау сөз сөйлеп, Шарттың өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті сақтаудағы негізгі рөлін баса айтты.
Іс-шара аясында Т.Пірімбетов ОПАНАЛ Бас хатшысы Ф.Р.Бонзанинимен қысқаша сұхбат өткізді. Бас хатшы Қазақстан басшылығының ядролық қаруға қарсы күн тәртібін жаһандық деңгейде ілгерілетудегі күш-жігерін ерекше атап өтті. Ф.Р.Бонзанини қазақстандық дипломатты Ұйымның Мехикодағы штаб-пәтерінде кездесуге шақырды.
Анықтама: Латын Америкасы мен Кариб теңізінде ядролық қаруға тыйым салу туралы «Tlatelolco» Шартына 1967 жылы 14 ақпанда Мехикода қол қойылды. Қазіргі уақытта Шарттың қатысушылары Латын Америкасы мен Кариб бассейнінің 33 мемлекеті болып табылады. Құжат әлемнің халық тығыз ораналасқан өңірінде алғашқы ядролық қарусыз аймақты құруға негіз болды. Аталған Шартқа сәйкес, 1969 жылы Латын Америкасы мен Кариб теңізінде ядролық қаруға тыйым салу ұйымы құрылды (ОПАНАЛ).