Қазақстан мен Сент-Китс және Невис визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды

Қазақстан мен Сент-Китс және Невис визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды

Нью-Йорк, 2024 жылғы 26 қаңтар – Қазақстан Республикасы және Сент-Китс және Невис Федерациясының БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілдері Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сент-Китс және Невис Федерациясының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойды. Келісім паспорттардың барлық түрлеріне 90 күнтізбелік күнге дейін визасыз кіруді көздейді.

Аталған келісім тараптар арасында дипломатиялық арналар арқылы қажетті мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы жазбаша хабарламаларды алғаннан бастап 90 күннен кейін күшіне енеді.

Сент-Киттс және Невис Қазақстан Республикасының ұлттық паспорттар иелерінен виза талап етпейтін 40-шы ел болып атанды.

Визалық талаптардан өзара босату туралы келісімдер еліміздің халықаралық беделін нығайтып, қазақстандық паспорттың әлемдегі жоғары мәртебесін растайтынын атап өткен жөн. Іс жүзінде Қазақстан азаматтарының шетелге визасыз сапарларының географиясы кеңейтілуде.

Қазақстан тарапы басқа мемлекеттермен, оның ішінде Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерімен визалық талаптардан өзара босату туралы уағдаластықтар бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда.

 

Анықтама: Қазақстан Республикасы мен Сент-Киттс және Невис Федерациясы арасындағы дипломатиялық қатынастар 2013 жығы сәуірде орнатылды.

Мемлекет Кариб теңізінің шығысындағы кіші Антиль архипелагының солтүстік бөлігінде орналасқан. Экономиканың ең дамыған саласы – туризм. 2022 жылы елге 530 мыңнан астам турист келді.